Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Таза Қазақстан» республикалық акциясына байланысты Үндеуі

873

0

Фото: Облыс әкімдігі

Қадірлі жерлестер!

Ардақты ағайын!

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тату тірлік пен береке-бірліктің бесігі – Сыр өңірінде бүгіннен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны бастау алды.

Тазалық пен тәртіп – кез-келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» – деген болатын.

Біздің айналамыздағы игіліктер адамдар үшін жасалған. Тазалық – біз үшін басты құндылық.

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы.

Ұлы жол – алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық айлығы аясында облыс халқы туған жерді түлетуге атсалысады деп сенеміз.

Сыр – Алаштың анасы!

Барша жерлестерімді, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлерді игі бастаманы өз үйінен бастап, аулалар мен көшелерде, мөлтек аудандарда жүзеге асыруға, қала мен ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамыз.

Тазалық – біз бен Сізден басталады!

Туған жерімізді бірге көркейтейік!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<