Облыс әкімі «Қазақ радиосына» сұхбат берді

817

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ радиосының «Арнайы шығарылым» бағдарламасына сұхбат берді. Аймақ басшысы тікелей эфирде жүргізілген сұхбатта бас редактор Дулат Абибуллаевтың сауалдарына жауап беріп, аймақтың 30 жыл ішіндегі жетістіктері мен даму динамикасын сөз етті.

Өңір басшысы алдымен барша радио тыңдармандарын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, әрбір тұрғынға табыс пен бақ-береке тіледі.

Сұхбатта Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі, қуаңшылық жағдайынан шығудың амалдары, «Қараөзек» су қоймасын салу жұмыстарының негізгі мәселелері бойынша сауалдарға нақты жауап берілді. Сондай-ақ, жолда жиі жүретін радио тыңдарман қауым үшін елеулі жаңалық – «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын жөндеуге қатысты автожолдың қайта жаңғыртудан өтетіні айтылды.

– Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын жөндеу бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕБРР) Қызылорда облысының аумағында 219 шақырымды құрайтын автожолды реконструкциялаудан өткізуге қажетті қаражатты бөлуге келісімін берді. Жобаның жалпы сметалық құны – 106,6 млрд теңге. Бүгінгі күні жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарын 3 жыл мерзімде жүргізу белгіленген және шамамен 2,5 мың адамды жұмысқа тарту жоспарда бар, – деді облыс әкімі.

Тікелей эфир соңында облыс басшысы аймақтағы індетпен күрес амалдары, вакцинациялау қарқыны бойынша көрсеткіштерді атап өтті. Сонымен бірге «Pfizer» вакцинасының жеткізілуі мен оны салдырудағы белсенділік айтылды.

Бүгінгі күні жалпы вакциналауға жататын облыс тұрғындарының 86,2% вакцинаның бірінші компонентін, 72,5% екінші компонентін алған. «Pfizer» вакцинасының 23400 дозасы өңірге жеткізілді. Барлығы 97 мың доза жеткізу көзделіп отыр. Аймақта дәрі-дәрмекке қатысты мәселе жоқ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<