Облыс әкімі қызылордалық аруларды құттықтады

429

0

Фото: Облыс әкімдігі

Жылдағы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Анаға тағзым» орталығында өткен салтанатты іс-шарада аналар мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады. Оған ақ жаулықты әжелер мен көпбалалы аналар, түрлі сала өкілдері, аймақ дамуына үлес қосқан кәсіпкер, ғалым, спортшы арулар қатысты. Аймақ басшысы Сыр өңірінде әйелдердің ғылым, кәсіпкерлік, креативтік, басқа да салалардағы бастамашылдығына, әсіресе, көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Былтыр өңірімізге іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығында болып, мұндағы жұмыстарға жоғары бағасын берді. Президентіміз осы орталықта бүкіл ел аналарының басын қосатын, салиқалы жиындар өткізетін тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру туралы тапсырма берді. Бірнеше күн бұрын дәстүрлі «Анаға тағзым» республикалық форумын өткіздік. Шараға Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, барлық өңірлерден делегаттар қатысты. Форум аясында мәдениет пен өнердің құтты шаңырағы – «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылды», – деді Н.Нәлібаев.

Кездесуде қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаева, 10 баланың анасы, 50 немере мен 20 шөберенің әжесі Келіс Мамырбай, еңбек ардагері, 9 немере мен 8 шөберенің әжесі Күлпаш Үкібаева, сарапшы журналист, ақпарат саласының үздігі Айткүл Шалғынбаева сөз сөйлеп, ақ тілектерін айтты. Сондай-ақ, Сыр өңірінде отбасы құндылықтарын насихаттап, отбасылық-демографиялық саясатты белсенді іске асырған асыл жандар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Салтанатты шара көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлайтын концертпен жалғасты. Айта кетейік, Қызылорда облысында 141 мыңнан астам отбасы, 48 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері. Статистикаға зер салсақ, өңірдің 833 531 тұрғынының 415 243-і – әйелдер. Оның 188 639-ы қалада, 223 237-сі ауылдық жерде тұрады. Мемлекеттік қызметшілердің 37,4 пайызы, медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтердің 78,3 пайызы, бюджет саласындағы қызметкерлердің 62 пайызы – әйелдер.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<