Облыс әкімі сырдариялықтармен кездесті

447

0

Фото: Облыс әкімдігі

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Сырдария ауданының Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауылы тұрғындарымен кездесті.

Бүгінде Мемлекет басшысының жұртшылықпен кездесулер өткізу туралы тапсырмасының екі жаққа да тиімділігі айқындалды. Мұндай іс-шараларда тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, атқарылған жұмыстар жайында кеңірек хабардар болады. Көптен түйіні шешілмеген түйткілдерге қозғау салынып, сол жерде талқыланады. Ашықтық, жариялылық қағидатына негізделген мұндай басқосуларға ақсақалдар бастап, ауыл тұрғындары, жастар көп жиналады. Елдік мәселелер, ауылды өркендету жолында қандай бағыт ұстану керектігі айтылады. Халықтың ұсыныстары, талап-тілектері ескеріліп, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеледі.

Аймақ басшысы үш елді мекенде өткен кездесуде былтырғы жылдың қорытындылары, жетістіктері туралы қысқаша баяндады, содан соң тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

«Жылды жақсы нәтижелермен қорытындыладық. Ал, жаңа басталған жылға арналған жоспарымыз былтырғыдан да ауқымды. Бастамаларымызды әрі қарай жалғастырамыз, соңына дейін жеткіземіз. Жаңа жобалардың да ауқымы кең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айындағы арнайы жұмыс сапары кезінде өңірде атқарылған жұмыстармен танысып, оң бағасын бергенін білесіздер. Сол сапарда Президент облыстың инфрақұрылымын дамытуға қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Осы шешімдердің игілігін халық көруі үшін қыруар тірлік атқарылуы тиіс.
Аймақта экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Өңірлер арасында тамыз айынан бері үздіктер қатарында – алғашқы үштіктеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңгені құраса, облыстық мәслихат сессиясында 2024 жылдың бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Жыл соңына дейін салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджетті 700 млрд теңгеден асырамыз. Бұған резервтеріміз бар. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналып, республика бойынша алдыңғы қатардамыз. 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. Биыл 110 құрылыс нысанын салуға 94,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат жыл аяғына дейін едәуір көбейеді. Бұл қаржы өңірдің сан саласындағы мәселелерді шешуге бағытталмақ», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Кездесуде тұрғындар газдандыру, аурухана салу, ауылдардан қалаға қатынайтын автобус маршрутын ашу мәселелерін көтерді. Аурухана салу туралы тиісті министрлікпен жұмыс жүргізіледі. Биыл жоба жасалып, ұсынылмақ. Алдағы жылы мүмкіндіктер шеңберінде реттілігі қарастырылады. Ал, автобус мәселесінің шешімі табылады. Осылайша жұртшылық өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Соңында ақсақалдар бата беріп, ардагерлер мен ауыл азаматтарына марапат тапсырылды.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<