Кеше аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев вьетнамдық «Sovico Group» компаниясының басшысы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті. Кездесуде «Қорқыт ата әуежайы» терминалының және әуежай жұмысын одан әрі жандандыру, дамыту үшін оны Азиядағы тәжірибелі әрі ірі конгламераттардың бірі «Sovico Group» компаниясына сенімгерлік басқаруға беру мәселесі талқыланды.
Былтыр қараша айында Мемлекет басшысының қолдауымен «Қорқыт Ата халықаралық әуежайының» жаңа терминалы іске қосылды.
«Жаңартылған терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Жалпы бұл жоба облыстың әуе көлігі қызметін халықаралық деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді деп күтеміз.
Президентіміздің биылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес әуежайдың тиімді географиялық орналасуын ескеріп, әуе хабын құру және дамыту, осы аумақта логистикалық бағыттағы еркін экономикалық аймақ (СЭЗ) ашу мақсатында Үкімет қаулысы әзірленуде», –деді аймақ басшысы.
Қалыптасқан әлемдік тәжірибе бойынша ірі халықаралық компаниялар инвестиция құю, қаржы-экономикалық модельді әзірлеу және даму стратегиясын жасау үшін тартылады. Ал компания 5, 10, 15, 20 жылдық жоспарын ұсынып, соның негізінде әуежайдың даму стратегиясы құрылады.
Атап өту қажет, «Sovico Group» компаниясы Қазақстан нарығына кіріп, «Qazaq Air» әуе компаниясын сатып алды. Бүгінде 20-дан астам ұшақ әкелуді жоспарлаған. Сенімгерлік басқаруға алған инвестор ICAO стандарттарын сақтауға, бақылау мен қауіпсіздікке басымдық беруге міндетті және негізгі шарт осы. Сонымен қатар, бұл қадам халыққа қызмет көрсету сапасын жоғарылатуға, халықаралық және ішкі рейстерді ұлғайтуға, өңірге инвестиция тартуға, көлік-логистикалық орталықтар ашуға, туризмді өркендетуге мүмкіндік береді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<