Облыс әкімі жастарды қолдап отыр

1809

0

Сыр елінде түрлі салада табысты қызмет атқарып жүрген жастар бүгін «Жасампаз шақ – жастық шақ» атты форумда басқосты. Басқосуға білім, ғылым, медицина, ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік, өнер мен спорт саласында белсенді еңбек етіп жүрген жастар жиналды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев форумға арнайы қатысып, жастармен еркін пікірлесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Аймақ басшысы алдымен жастардың озық идеяларына негізделген арнайы көрмені аралап, өз кәсібін бастаған, инновациялық идеяларды іске асыруға ниетті оқушылар мен студенттердің жобаларын көрді. Форумда сөз алған облыс әкімі туған жерін дамытуға жанашыр, озық идеяларды іске асыруға ниетті әрбір жасқа қолдау болатынын тілге тиек етті.

Облыс әкімі жастарды қолдап отыр

— Облыс тұрғындарының 21 пайызын құрайтын жастар өкілдерін қолдау мақсатында биылғы жылы бюджеттен 500 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде аймағымызда маңызды әрі жастардың сұранысына сай бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.Аймақта сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасынан шыққан балаларға арналған облыс әкімінің 100 гранты тағайындалды. Ғылыми қызметке тартылған жастар санын арттыру, жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыру жұмыстары қолға алынды. Елімізде қоғамдық және қайырымдылық істердің басында Сыр еріктілері қай кезде де белсенді түрде атсалысып келеді. Олардың көмегімен жыл басынан бері 6 жарым мыңға жуық мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді,-деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі жастарды қолдап отыр

Облыс әкімі форумда аймақ жастарын жан-жақты қолдау мақсатындағы 10 бастамасын жариялады: 📌«Сыр елі жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын қабылдау бойынша 1 ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізу;

📌 Талантты жас спортшыларды қолдау мақсатында облыс орталығынан «Шахмат» академиясын ашу; 📌 Бұған дейін қала деңгейінде жүзеге асқан белгілі математик, Сыр елінің мақтанышы Асқар Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» байқауын келесі жылдан бастап облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізуді қолға алу;

📌 Облыстық бюджет есебінен қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін студенттер санын арттыру мәселесін қарастырып, нақты ұсыныс беру;

Облыс әкімі жастарды қолдап отыр

📌 Еліміздің бас сәулетшісі, мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтің еңбегін насихаттау мақсатында облыс орталығынан «Жас сәулетшілер мектебін» қалыптастыру бойынша ұсыныс енгізу;

📌 Жастар орталығы жанындағы өзен жағалауын «Жастар жағалауы» ретінде қарастырып, оны абаттандыру;

📌 Жыл сайын бөлінетін облыс әкімінің білім грантын қажетті жаңа мамандықтарға бағыттау;

📌 Аймақта кәсіп ашуға ынталы, еңбек етемін деген жастарды қолдау мақсатында уақытша негізде жер беру мәселесін жан-жақты қарастыру;

📌 Биыл қолға алынған «Мүмкіндіктер керуені» акциясының ауқымын кеңейтіп, мемлекеттің тарапынан берілетін мүмкіндіктерді әрбір жас сезінетіндей цифрлық жүйеде жетілдіру;

📌 «NEET» санатындағы жастармен жан-жақты жұмыс жасау.

Облыс әкімі жастарды қолдап отыр

Форум аясында Сыр жастарының жетістіктерінен арнайы көрме, таланты және шығармашыл жастардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, «Жас ғалым 2022» облыстық байқауының жеңімпаздары мен белсенді жастар марапатталды. Сондай-ақ, форумға 17 дүркін Қазақстан, 3 дүркін әлем және 3 дүркін Азия чемпионы, облыс бойынша ең алғашқы болып «гроссмейстер» атағын қорғаған Әсел Серікбайдың ата-анасы арнайы қатысып, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Волонтерлік қозғалысты дамытуға үлес қосқан бірқатар еріктілер ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлінің Алғыс хатымен, аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген бірқатар белсенді жастар облыс әкімінің Алғысымен марапатталды.

Кездесуде «Аслан Films» киностудиясының директоры, кинопродюссер Жасұлан Алдабергенов, «Бала Орда» бағдарламасының авторлары Мақсат Серікбаев және Сәуле Қалыбай және ғалым Нұрбол Аппазов киноиндустрия және жаңа медиа, білім мен ғылым саласын дамытуда өзіндік идеяларымен бөлісті. Форумда жас ақындар Мақсат Дауылбай мен Мөлдір Айтбай өлең оқып, «АДС» тобы және Жарасхан Төлебай өнер көрсетті.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<