Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте биылғы 2023-2024 оқу жылының қорытындысымен облыс әкімінің грантын иеленгендер тізімі нақтыланғаны айтылды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев баяндады.
– 2013 жылдан бері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша облыс әкімінің грантын тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан түлектер иеленіп келеді. Биыл да бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Тамыз айының 5-15 аралығында құжаттар қабылданып, аудан және қалалық әкімдік жанынан құрылған конкурстық комиссиялардың екі мәрте отырысы өтті, – деді Ғ.Жаңабаев.
Басқарма басшысының айтуынша, арнайы комиссиялардың шешімі шықты.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 55, Қызылорда «Болашақ» университетіне 10, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына 5 грант, Қазақ ұлттық-аграрлық зерттеу университетіне 13 грант, Қарағанды медицина университетіне 7 грант, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне 8 грант, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетіне 2 грант тағайындалды.
Мамандықтар бойынша «Дизайнға» 1, «Журналистика және репортер ісіне» 1, «Әлеуметтік жұмысқа» 2, «Ақпараттық жүйеге» 2, «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыруға» 2, «Исламтануға» 2, «Азық-түлік өнімдерін өндіруге» 2, «Көлікті пайдалану технологияларына» 2, «Дәстүрлі музыка өнеріне» 3, «Археология және этнологияға» 4, «Аударма ісіне» 6, «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелеріне» 10, «Экология және табиғатты пайдалануға» 13, «Жалпы медицинаға» 19 грант берілді.
Грант иегерлерінің 35-і – көпбалалы, 11-і – ата-анасының біреуі мүгедек, 11-і – асыраушысынан айырылған, 7-уі – аз қамтылған, 2-уі – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші, 2-уі – толық емес отбасылардан, 1-уі – бала жасынан мүгедектігі бар.
Үміткерлерден қабылданған өтініштер бойынша әкімдіктер жанынан құрылған арнайы комиссиялардың отырыстары өткізіліп, олардың шешімдерімен бекітілген 100 гранттың 69-ы тағайындалды, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, биылғы облыс әкімінің грантын тағайындау барысында мұғалім мамандығы қаралмаған. Оның себебі, бүгінде өңірде бұл мамандық иелері жеткілікті, яғни сұраныс жоқ. Ал жоғарыда аталған мамандықтар бойынша грант иеленіп, білім алған жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарда болмақ.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<