Облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табысталды

1289

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, Сыр елінің мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн, – деген болатын. Бүгін өздеріңізге ақжолтай жаңалықпен келдік. «Сырдың елі – жырдың елі» атанған қасиетті мекеннің абыройын асырып, бақ-беделін сақтауға үлес қосушы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерінің сан жылдан бергі тілегі – облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын табыстайтын боламыз. Жүлде қоры 500 мың теңгені құрайтын облыс әкімінің сыйлығы әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылығын шыңдауға септігін тигізетініне сенімдімін.  Он жылдан астам уақыттан соң арасы үзіліп қалған дәстүрді қайта жалғадық. Талай дарын мен талант түлеген Сыр өңірінде мұндай сыйлық пен марапаттың болуы – заңдылық, – деді аймақ басшысы.

Жиында өнер иелеріне «Тұран» сыйлығын табыстау, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттау рәсімі өтті. Мұнан бөлек, аймақтың бірқатар мәдениет саласының қызметкері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аймақтың мәдениет ұйымдарындағы 8 өнер ұжымына 40 домбыра тарту етілді.

Мерекелік кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейтова мен ақын Шаһизада Әбдікәрімов сөз сөйлеп, әріптестеріне игі тілектерін арнады. Аймақ басшысына өнер иелеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, биыл Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында көптеген жағымды жаңалық бар. Жыл соңында Қызылорда қаласындағы 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы», ал тамыз айында «Анаға тағзым» орталығы іске қосылмақ. Оған қоса өнер әлеміне қанат қаққан мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жобасы мақұлданды. Таяу арада Қызылорда қаласының әкімдігі мен облыстық мәдениет және спорт басқармасы бұған дейін үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театрын» өз алдына кәсіби ұжым етіп құру бойынша нақты шаралар қабылдайды.

Мұнан бөлек, биыл өнердің қарашаңырағы – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры 18 жылдан соң апталық бағдарламамен Алматы қаласына гастрольдік сапарға шығады. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың жаңа ізбасарларын дайындау мақсатында өңірде тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жасөспірімдер айтысы өткізілмек.

Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл және Қызылорда қаласының 205 жылдығына орай мерейтойлық салтанат аясында бірінші рет бюджет тапсырысымен 12 сериялы имидждік телесериал түсіру жобасы қолға алынды. Қазіргі заманауи трендке айналған телесериал арқылы аймақтың жағымды бет-бейнесін жасап қана қоймай, инвестициялық тартымдылығы мен туристік мүмкіндіктері республикалық, халықаралық деңгейде насихатталмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<