ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және геология саласын дамыту перспективалары қаралды.
Отырысқа ведомство басшылары мен өңір әкімдері қатысты. Бірқатар министрлер мен облыс әкімдері баяндама жасады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бірқатар облыс орталықтарында сумен қамтамасыз ету қызметтері 100%-ке жеткенін атап өтті. Оның ішінде Қызылорда қаласы да бар. Қазіргі кезде өңірдегі халықтың 97,8%-і орталықтандырылған жүйедегі суды тұтынады.
Үкімет басшысы 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауызсумен қамту керек екенін, геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы инвесторларға геологиялық мәліметтерді қолжетімді ету үшін ақпараттық жүйе құру қажеттігін тапсырды.
Селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл бағытта өңірде жүргізілген жұмыстарды саралап, қала, аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Нұрлыбек Нәлібаев елді-мекендерде қала және аудандарда ауызсудың үздіксіз берілуін қатаң бақылауда ұстап, жерасты сулары бойынша мониторинг жүргізіп, жаңа кен орындарында бұрғылау жұмыстарына жете мән беруді тапсырды. Сондай-ақ, топтық су құбырларына қосу, су жүйесін жүргізу, су тұшытқыш орнату бағытында жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<