Әділет департаменті – ұлттық заңнаманы қалыптастырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғап қана қоймай, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді мақсат етеді. Бүгінде әділет органдары мемлекеттік қызметтің 12 түрін көрсетеді. Органның негізгі қызметінің бірі – нормативтік құқықтық актілерді тіркеу саласы. Биыл сала бойынша келісуге ұсынылған 240 нормативтік құқықтық акті жобасының 36 пайызына келісім беріліп, мемлекеттік тіркеуден өткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Ирина Бәкішева айтып берді.
– Биыл әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерді шығару, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою мәселелерін реттейтін ҚР заңнамасын сақтау саласында мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі айқындалды. Мемлекеттік бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексеру нысанында жүргізіледі. Өзгерістер осы жылдың 8 маусымынан бастап қолданысқа енді. Ал жоспарлы тексерулер 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады. Мұнан бөлек, департамент заңды тұлғаларды тіркеу бағыты бойынша коммерциялық емес ұйымдарды тіркейді. Биыл облыс бойынша 521 заңды тұлға тіркелді, – деді ол.
Айта кетейік, департаменттің тағы бір міндеті – заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру. Қазіргі таңда облыста 168 адвокат бар, олардың 86-сы халыққа тегін заң көмегін көрсетеді. Департаменттің заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру саласындағы функциясы – нотариустардың жасаған нотариаттық іс-әрекеттерінің заңдылығына бақылауды жүзеге асыру. Сондай-ақ, облыста 72 жеке сот орындаушы жұмыс істейді, оның 14-і аудандарда, 58-і Қызылорда қаласында. Ал мемлекеттік сот орындаушыларының саны – 10. Бүгінде сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған барлық шаралар қарастырылып келеді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<