Әлеуметтік желіде «Қытайда жаңа вирус өршіді», «Қауіпті вирус тарап жатыр» деген сарында түрлі ақпарат желдей ескелі біршама уақыт болды. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-ның мәліметіне сүйене отырып, қауіп жоғын мәлімдеді. Сонымен үрейді ұшырған метапневмовирус қандай ауру? Қаншалықты қауіпті?
«Метапневмовирус ауа арқылы жұғады» деп хабарлады министрлік.
– Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, бас ауруы. Ғылымға бұрыннан белгілі болғандықтан, оны жаңа вирус не оның жаңа мутациясы деуге келмейді, – дейді мамандар.
Ол – тұмау, пневмонияға ұқсас респираторлық вирустық инфекция. Алғаш рет 2001 жылы Голландияда анықталған, көбіне күн суық қыс мезгілінде ауа арқылы тарайды.
Биыл 7 қаңтарда Женевада өткен баспасөз брифингінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Маргарет Харрис метапневмовирустың таралуы қыс мезгілінде жиі болатын үрдіс екенін айтты.
«Қытайдың ауруды бақылау және алдын алу орталығының дерегі бойынша, назарға іліккен инфекция патогендері бұрыннан белгілі. Олардың қатарында тұмау, респираторлық-синцитиалды вирус және метапневмовирус, сондай-ақ пандемияға жеткізген Sars COV-2 вирусы да бар. Қытайдың ресми дерегіне сәйкес, маусымдық тұмау – ең жиі кездесетін инфекция», – деді М.Харрис.
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова 8 қаңтарда өткен Үкімет брифингінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесіне сүйеніп, жұртты алаңдамауға шақырды.
«Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу іс-шараларын жасап жатыр. Бірақ жалпы бұл қалыпты жағдай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеп айтсам, бұдан да жұмылып өтіп кетуіміз керек» – деді Т. Дүйсенова.
Қазір Қазақстанда бүкіл әлемдегідей ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанудың маусымдық өсуі тіркеліп отыр.
«Адам метапневмовирусы – көптеген елде ондаған жылдар бойы таралған вирустардың бірі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде кеңістікте белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды», делінген министрлік хабарламасында.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустардан 8360 үлгі зерттелген.
Оның ішінде 1866 оң (22%), 178 паратұмау (9,5%), 433 РС вирусы (23,2%), 30 метапневмовирус (1,6%), 680 риновирус (36,4%), 113 бокавирус (6,1%), 226 аденовирус (12,1%), 206 коронавирус (11,1%) анықталған.
Метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және кей жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы тарайды. Министрлік вирустың нақты емі жоқ екенін айтып, симптоматикалық ем-шара қолдану керек екенін ескертті.
Осы орайда аймақтағы эпидахуалды білу үшін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарымен хабарласқан едік.
Департаменттің мәліметінше, жаңа эпидемиологиялық маусымда облыс көлемінде жіті респираторлы вирусты инфекция 44599 адамнан анықталған.
– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткішінің 10%-ға төмендегенін көрсетеді. Ауру ағымы ауыр өтіп жатқан 476 науқастан алынған анализдерге зертханалық талдаулар жүргізіліп, нәтижесінде 84 тұмау емес вирус анықталған. Басым көпшілігі РС вирус (47), аденовирусқа (23) сәйкес келеді, метапневмовирус анықталған жоқ. Сонымен қатар спорадикалық жағдайлардан 8 парагрипп, 19 риновирус, 2 бокавирус тіркелді. Тұмаудың 1 дерегі анықталды, былтыр осы мерзімде 264 жағдай есепке алынған болатын. Бұл аурушаңдық көрсеткіштері бойынша биылғы төмендеу тенденциясын көрсетеді. Жалпы алғанда эпидемиологиялық ахуалды тұрақты деп бағалауға болады, – деді департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Десе де, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықты профилактика шараларын сақтауға және адам көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырады. Бұл әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдарға қатысты.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<