Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Бүгінде облыста криминогенді және қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Қабылдаған негізгі шаралардың арқасында жалпы тіркелген қылмыстық істердің деңгейі 6 пайызға төмендеді. Одан бөлек, облыс көлемінде жалпы ұрлықтың тіркелуі 14,8 пайызға азайған. Бұл туралы Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ілияс Жұмағұлов хабарлады.
Өңірдегі қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту және оның алдын алу – қоғам алдындағы басты міндеттеріміздің бірі. Бұл ретте тәртіп сақшылары тәулікпен санаспай өз қызметін мінсіз атқаруда. Жалпы бүгінде облыста бірнеше қылмыс түрлерінің деңгейі төмендеді. Мәселен, мал ұрлығы 46,6 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 19 пайызға, қалта ұрлығы 75 пайызға, автокөлікті заңсыз айдап әкету 31,8 пайызға азайып отыр. Ұрлық жасағаны үшін 354 адам, ал мал ұрлығы үшін 30 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, істері сотқа жолданды. Сондай-ақ, мал ұрлығының алдын алу мақсатында белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 1064 әкімшілік шара көрілді. Жалпы жыл басынан бері «Пәтер», «Мал ұрысы», «Автокөлік», «Қару» сияқты жедел профилактикалық іс – шаралар өткізілді. Сонымен қатар облыс бойынша тонау қылмысының тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға дейін азайды. Ал алаяқтық қылмысы 609-дан 549-ға төмендеді. Алдағы уақытта да қылмыс деңгейін төмендету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді Ілияс Байжұманұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<