Жол-көлік оқиғалары азаюда

369

0

Облыста жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жаңадан 439 жол белгілері орнатылып, 14 көшенің қиылысына жаңа бағдаршам орнатылды. Жылдамдықты шектен тыс асырғандарды автоматты түрде анықтайтын «Ekin Patrol G2» зияткерлік құрылғысы арқылы жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер 78 пайызға төмендеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОПД жергілікті полиция басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев айтты.

– Облыстағы жол қозғалысының қауіпсіздігі – басты міндетіміздің бірі. Өздеріңізге белгілі, жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – көлік тізгіндеушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесіне бей-жай қарауынан болады. Осы ретте біздің қызметкерлер күнделікті жол қозғалысын бақылауда ұстайды. Сондай-ақ, орталық көшелердің бойында орналасқан мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне патрульдік және ювеналды полиция инспекторлары қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Жалпы, өткен жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер 4,2 пайызға кеміді. Ал соңғы бір ай көлемінде автоматтандырылған құрылғылардың қолданысқа енгізу нәтижесінде оқыс оқиғалар азайды. Атап айтқанда, облыста қайтыс болғандар 61 пайызға, оның ішінде республикалық жолда опат болғандар 50 пайызға кеміді. Ал жылдамдықты асыру себебінен зардап шеккендер 78 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, биыл масаң күйде көлік тізгіндегендер тіркелген жоқ, – деді ОПД жергілікті полиция басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<