Облыстағы 204 елдімекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған

479

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ауыз су еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде облысқа қарасты Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал, елді мекендердің 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандарымен облыстағы ауыз су жүйесі мен оның сапасы туралы сөз қозғалды.

–Қазіргі таңда облыстағы 4 қала мен 230 ауылдық елді мекеннің 204-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ал, қалған 26 елді мекенді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамту бойынша іс-шара жоспары бекітілді. Сонымен бірге, Су ресурстары комитеті арқылы Арал ауданының Абай, Тоқабай, Ақбасты елді мекендерін Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу құрылыстары жүргізілуде. 2024 жылға 2 жобаны іске асыру үшін 1,7 млрд теңге бөлінсе, ауыз сумен қамту және су бұру жобаларына республикалық бюджеттен 5,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 351 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде жобалар бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деді Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов.

– Біздің негізгі міндетіміз – қала тұтынушыларын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз суларын бұру және оны тазарту болып табылады. «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының теңгерімінде бірнеше ауыз су нысандары бар. Мәселен, Тасбөгет кентінде орналасқан Бас су жинау кешені арқылы қаланың орталығы, Тасбөгет кенті, Саяхат, СПМК-70, Сәулет, Сырдария, Ипподром мен теміржол ауданы, Шанхай және Коммунизм тұрғын аудандары ауыз сумен қамтылады. Ауыз су сапасы кәсіпорынның базалық зертхана мамандарымен күнделікті тексеріліп бақыланады, сонымен қатар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасымен қадағаланады. Ал, «Арай» су алу құрылымына 2013 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Қызылжарма кен орнынан 13 бірлік ауыз су ұңғымасы бұрғыланып пайдалануға берілген. Бұл су алу құрылымы, қазіргі таңда «Арай», «Арай-2», «Арай-3» тұрғын ауданы мен қаламыздың сол жағалауын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын теңгеріміндегі су алу құрылымдарының таза су жинау резервуарлары мен қалалық ауыз су жүйелеріне жылына 2 мәрте жоспарлы жуу, шаю және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді Қызылорда су жүйесі МКК директоры Бауыржан Әбдіқаппарұлы.

– «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы 6 топтық су құбырлары арқылы Қызылорда облысына қарасты 130 елді мекенді тұрақты түрде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Мұндағы барлық топтық су құбырлары бойынша халық саны 332 095 адамды құрайды. Ауыз судың сапасын бақылау барысында 2023 жылы оқшау су жүйелері бойынша 11 665 сынама алынып микробиологиялық және химиялық тексеру анализдері жасалынды. Ауыз су сапасының нормадан ауытқушылық көрсеткіштері 2023 жылы Жалағаш ауданы бойынша орын алып, ұңғымаларға откачка жасау, гипохлорид кальциімен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу арқылы қалпына келтірілді, – деді «Арал» СЖКБД филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<