Облыстағы кітапханалар үздіксіз қызмет көрсетеді

375

0

Елімізде 24 қазан – Кітапханашылар күні кәсіби мереке ретінде атап өтілуде. Қазіргі таңда облыста 209 мемлекеттік кітапхана бар болса, онда 4,5 млн-нан астам кітап қоры жасақталған. Жалпы өңірдегі кітапханалар жылына 250 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетеді. Бұл аймақтағы оқуға қабілетті тұрғындардың 30 пайызын құрайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас хабарлады.

  • Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталық болып саналады. Облыстағы кітапханаларды заманауи бағыттағы 78 коворкинг орталығы жұмыс істеуде. Аймағымыздағы 209 кітапхананың 170-і интернет жүйесіне қосылған. Облыс кітапханаларында кітап оқуды насихаттау және азаматтардың қызығушылығын арттыру мақсатында «Kitap Fest» фестивалі, «Kitap Timе», республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Үздік оқырман» бенефисі, «Оқитын өлке» акциясы, «Кітаппен бірге өсеміз» сынды жобалар ұйымдастырылады. Сыр өңірінің 85 жылдық мерейтойы аясында облыс кітапханаларында көптеген шаралар өткізілмек. Негізгі шараларға тоқталып өтсем, жыр кештері, кітап көрмелері, фестивальдар, мүшәйралар бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері мен жазушылардың өмірі мен қызметіне арналған танымдық конференциялар ұйымдастырылады. Кітапханада 7 бөлім мен 8 сектор оқырмандарға қызмет көрсетеді. Кітапхананың кітап қоры 4255606 дананы құрайды. Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электронды басылымдар, ноталық басылымдар кіреді. Сонымен қатар кітапханада жұмыссыз жастарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету мақсатында «Шаңырақ» интеллект-орталығы да жасақталған, – деді Нұрлыбек Кәрібозұлы.

Брифинг барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми кітапхана жетекшісі Гүлмира Сәтбаева білім алушыларға көрсетіліп жатқан қызметтерге тоқталып, жаңа бағыттағы жұмыстарды баяндады.

-Ғылыми кітапхана – университеттің оқу және ғылыми процестеріне, ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетудің сапасы мен оның нәтижелілігін арттыруға бағытталған. Кітапхана қызметін пайдаланушылардың басым бөлігі – университтің білім алушылары, профессорлық-оқытушылық құрам және университет қызметкерлері құрайды. Жыл сайын білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға сай жасақталуы үшін оқу құралдарымен, мерзімді басылымдармен және электрондық ресурстармен толықтырып келеміз. Бүгінде кітапхананың жалпы қоры – 1 956 324 дананы құрайды, – деді Гүлмира Әлібайқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<