Облыстық бюджет нақтыланды

519

0

Облыстық бюджет нақтыланды Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 39-шы сессиясы өтті.

Сессияны ашқан облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов күн тәртібінде бір ғана мәселе – «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының (2018 жылғы 12 желтоқсандағы) №271 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы талқыланатынын жеткізді. Ол туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай хабарлама жасады.

Хабарламашы атап өткендей, бюджеттік бағдарламаларды қысқартуға байланысты  және игерілмей қалған қаржы есебінен бүгінгі күнге үнемделген қаржы көлемі 1,2 млрд теңгені құрап отыр. Осыған байланысты бірқатар бюджеттік бағдарламаларға өзгертулер енгізіліп, облыстық бюджет қайта нақтыланатын болады. Оның ішінде облыстағы құрылыс жұмыстарына 395 млн, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 100 млн, Қызылорда қаласында қоғамдық көлікті дамытуға 209 млн, Қазалы қаласында тұрғын үйлерге инфрақұрылым жүргізуге 95 млн теңге  қаржы қарастырылады.

Басқарма басшысы соңғы нақтылаудан кейін облыстық бюджет 279,4 млрд теңгені құрап отырғанын атап өтті. Ал жыл басында ол 191 млрд теңге көлемінде бекітілгенін еске түсірсек, осы кезеңде облыстық бюджет 90 млрд теңгеге жуық көбейгенін аңғару қиын емес.

Сессияда депутаттар бюджеттік бағдарламалар­дағы өзгерістерді қолдап, бірауыздан дауыс берді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<