«Байсун көктемі» фестивалі – қайталанбас мәдениет мерекесі. Бұл мәдени шара Өзбекстанның оңтүстік бөлігінде орналасқан шағын қаладан бастау алған. Мұнда жергілікті тұрғындардың мың жылдан астам уақытқа созылған ежелгі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері сақталып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.
Фестивальдің мақсаты – әр елдің мәдениетімен, ұлттық өнерімен танысып, салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, халыққа ұсыну. 2001 жылы ЮНЕСКО Байсун мәдениетін «Рухани мәдени мұраның жауһары» деп таныған. 2002 жылдан бастап аталған фольклорлық фестиваль өтіп келеді. Биыл 20 жылдығын атап өткен байқауға Қырғызстан, Тәжікстан, Ұлыбритания, Иран және т.б. мемлекеттерден келген 19 фольклорлық ансамбль қатысты. Қазақ өнерін өзбек жерінде паш етуге облысымыздан «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі шақырту алды. Байқау нәтижесі бойынша жүлделі 3-орынды қанжығаға байлады.
«Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Сыр бойының төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында 2009 жылы облыстық филармония жанынан құрылды. Қазір мұнда 14 кәсіби маман жұмыс істейді. Ансамбльге халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, баяншы Нұрғиса Нұрбай жетекшілік етеді. Репертуарындағы 300-ге жуық қазақ композиторларының күйлері мен халық әндері жаңаша өңдеумен көрермен назарына ұсынылып жүр. Ансамбль облыстық және республикалық іс-шараларға белсене атсалысып отырады. Сондай-ақ, Англия, Татарстан, Түркия, Ресей сынды көрші мемлекеттерде ұйымдастырылған халықаралық шараларға қатысып, кәсіби біліктілігін, шеберлігін шыңдап, үнемі шығармашылық ізденіспен жүреді. 2011 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Ғасырлар сазы» дәстүрлі музыкалық фестивалінде дипломат атанса, 2019 жылы Қызылордада өткен Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық фестивалінде өнер көрсетіп, «ТҮРКСОЙ» бірлестігі мен облыс әкімінің арнайы сертификатына ие болды.
– Бұл фестивальдің ауқымы өте үлкен. Таудың етегінде қолөнершілер дүңгіршегі және үлкен лагерь бар. Онда қонақтар тек фольклорлық дәстүрлер, қойылымдармен ғана емес, қолөнер бұйымдарымен, өзбек суретшілері мен сәулетшілерінің туындыларымен, тамаша ұлттық киімдерімен және өзбек асханасының дәмді тағамдарымен танысуға мүмкіндік алды. Лагерьдің ашық сахнасында фольклорлық ұжымдар мен жеке өнерпаздардың орындауындағы ұлттық әуендер шырқалды, – деді ансамбль жетекшісі Н.Нұрбай.
Халықаралық фестивальде «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі «Кертолғау», «Маңмаңгер», «Көрұғлы», «Ақсақ құлан» күйлерін және «Аллаға мадақ», «Құлақ салып сөз тыңда», т.б. жырларды нақышына келтіре орындап, көрермен көзайымына айналды.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<