Қызылорда облыстық прокуратурасының қолдауымен 600 кәсіпкердің бұзылған құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысының прокуроры Нұрлан Бижановтың төрағалығымен бизнес өкілдерінің бұған дейін білдірген шағымдарының қаралу нәтижесін хабарлау және жаңа шағымдарын тыңдау мақсатында кездесу өтті.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл берілген талап арыздар 89-дан 24-ке немесе 73%-ға азайған.
«Облыстық прокуратура биылғы жылдың 5 айында қолданылған 29 қадағалау хаттаманың қаралуы нәтижесінде 306 хаттама мен 111 әкімшілік істің күші жойылды. Сондай-ақ, 600 кәсіпкердің бұзылған құқығы қалпына келтірілді, 68 кәсіпкердің 53 млн теңге қаржысы өндірілді.
Прокуратура кәсіпкерлерге дереу қолдау шараларын іске асыру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді топтардың жұмысы ұйымдастырылған. Биыл 142 сигнал қаралып, 70-не заң талабы түсіндірілді, 72 шағым қанағаттандырылды. Атап айтқанда, қадағалау актісімен 54 кәсіпкерге тиесілі 26,1 млн теңге мемлекеттік сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ету қаржысы өндірілді. Оған қоса 18 кәсіпкерге қолданылған әкімшілік жазалардың күші жойылды.
Одан басқа өткен жылдың 29 қыркүйегінде Бас прокуратура алаңында бизнестің әлсіз тұстарын реттеуге бағытталған Бірлескен шараның кешенді жоспары қабылданды.
Жоспарды орындау тәртібінде қолданылған шаралардың арқасында Мемлекеттік кірістер органдарының салықтық бұйрықты заңсыз қабылдау тәжірибесі тоқтатылды», – деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Сондай-ақ, «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» жобасының заңдылығы талданды. Кірістер органдарында қалыптасқан салықтық тексерістерді заңсыз жүргізу және кәсіпкерлерді негізсіз әкімшілік жауапқа тартудың тәжірибесі жойылды.
«Салық қызметкерлер ұялы телефон қосымшасы арқылы түскен хабарлама негізінде сауда орындарына шығып немесе кәсіпкерлерді шақырған. Олардан түсінік алып, тексеріс жасаған. Оған қоса жеткілікті дәлелдемесіз әкімшілік жауапқа тартқан. Салық өкілдері 93 кәсіпкерді негізсіз әкімшілік жазаға тартқаны және 8 жағдайда заңсыз тексеріс жүргізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Әкімшілік істердің күші жойылды, 5 қызметкердің тәртіптік жауаптылығы шешілді», – деп толықтырды ведомстводан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында алимент бойынша берешек 136 млн теңгеге азайған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<