Облыстық сайлау комиссиясының жаңа құрамы анықталды

327

0

Сейсенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІХ сессиясы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, облыстық сайлау комиссиясы мүшелігіне саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан ұсынылған кандидаттар және журналистер қатысты. Ал бірқатар депутаттар сессия жұмысына онлайн режимде қатысып отырды. Сессияны облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов жүргізді.

Күн тәртібінде Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының жаңа құрамын сайлау туралы мәселе қаралды.

Осыған дейін облыстық сайлау комиссиясының құрамы Қызылорда облыстық мәслихатының 2019 жылғы 11 қаңтардағы №290 шешімімен 5 жыл мерзімге бекітілген еді.

Облыстық мәслихат сайтында саяси партиялар, өзге қоғамдық бірлестіктерге және жоғары тұрған сайлау комиссиясының назарына биылғы жылдың 10 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында облыстық сайлау комиссиясының құрамына үміткерлер ұсыну туралы хабарландыру жарияланды. Соған сәйкес облыстық сайлау комиссиясының құрамындағы 7 орынға 5 партиядан бір-бірден 5 үміткер ұсынылды. Олардың қатарында «AMANAT», «Ауыл», «Ақжол», Қазақстан Халық партиясы, «Respublika» партиясынан үміткерлер болды. Ал «Қызылорда қаламгерлерінің Қауымдастығы», «Самұрық» Инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры секілді қоғамдық бірлестіктерден бір-бірден үміткерлер ұсынылды.

Сессия отырысында күн тәртібіндегі мәселе жан-жақты талқыланды. Үміткерлердің құжаттары зерттелгендігіне назар аударылды. Нәтижесінде облыстық сайлау комиссиясының құрамына ұсынылған  кандидаттарға қатысты ашық дауыс берілді. Депутаттар бұл ұсынысты қолдап, ұсынылған шешім жобасын бірауыздан бекітті.

Сессия соңында республикалық «Біздің депутат» газетінің рейтингі бойынша облыстық мәслихат депутаты Нұркен Бақытбекұлы «Үздік депутат» номинациясына ие болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<