Облыстық сотқа 1060 қылмыстық іс түскен

542

0

Қызылорда облыстық соты мен Соттар әкімшісі өткен жылды қорытындылап, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен баспасөз-конференциясын өткізді. Облыстық сот төрағасы 2022 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру көрсеткіштерімен бөлісті.  

– 2022 жылы соттар өндірісіне 1060 қылмыстық іс түсті. 1064 қылмыстық іс 1415 адамға қатысты аяқталған. Үкім шығарумен 797 қылмыстық іс аяқталып, 1087 адам сотты болған. Осы жаза тағайындалғандар ішінде 322 адамға немесе 29,6 пайызына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Онша ауыр емес қылмыстар бойынша 15, ауырлығы орташа қылмыстар бойынша 60, ауыр қылмыстар бойынша 206, аса сауыр қылмыстар бойынша 41 адам бас бостандығынан айырылған. Аталған мерзімде 10 адамға қатысты 10 іс бойынша ақтау үкімі қабылданған, – деді сот төрағасы Шығамбаев Әділхади Жұмабайұлына сөз берді.

Мұнан бөлек, 181 адамға қатысты 162 қылмыстық іс қысқартылған. Татуласуға байланысты 143, рақымшылық Заңына сәйкес-10, ескіру мерзімі 6, жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуы 22 іс қысқарған.

Сонымен қатар Әділхади Жұмабайұлы қазіргі таңда сот жүйесінің ашықтығы толығымен қамтамасыз етілгенін, облыстық соттың сайтына, фейсбук, инстаграм, телеграмм әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында, ютуб каналында сот жаңалықтарын көруге болатынын, азаматтардың оңтайлы қызмет көрсетіп, кері байланыс орнату үшін Call-орталық, әр соттарда whats`app мессенджері, телеграмм-бот, талап қою үлгілері жинақталған QR-код жұмыс жасап тұрғанын айтты.

Облыстық сотқа 1060 қылмыстық іс түскен

Сонымен қатар, Соттар әкімшісінің басшысы Сүлеймен Сағатбек Болатбекұлы былтырғы төтенше жағдайлар режимінің салдарын жою бойынша ғимарат толығымынен жөнделіп, қазіргі таңда сот жұмысы қалыпты режимге көшкенін айтты.

– Ғимаратты қалыпқа келтіру  жұмыстары он айға жуық жасалып, сот ғимаратаның іші-сырты, сот, мәжіліс залдары, дәліз, еден толығымен күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан жиһаздар алынып, есік-терезелер, шатыр,  электр желісі, жылу, кәріз жүйелері толығымен жаңартылды. Облыстық және қалалық соттың фронт-офистері қайта жасақталып, күту залы, анықтама бұрышы, жеке жұмыс жасау секторы, адвокаттар мен медиаторлар орны, кіріс кеңсесі, балалар ойын алаңқайы талапқа сай етіп жасалды. Бірінші қабатқа LED- экран орналастырылды. Экранда сотқа келуші азаматтар сот ақпараттарымен, QR код арқылы талап арыз үлгілерімен, Жоғарғы Сот пен облыстық сот басшылығының жеке қабылдау кестесімен таныса алады. Сонымен қатар кондиционер сплит жүйесі арнайы жабындымен жабылып, асхана, автотұрақ жөнделді. Ғимараттың айналасына асфальт төселіп, қосымша көлік жуу орны ашылды, – деді Сағатбек Болатбекұлы.

Баспасөз жиынынан соң сотттар әкімшісінің басшысы БАҚ өкілдеріне пресс-тур ұйымдастырды. Онда облыстық соттың қайта қалпына келген залдарын, алынған техникаларды, фронт-офисі, LED-экран, сот залдары, мұражай, мәжіліс залы, қалалық соттың фронт-офисін көрсетті.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<