Облыстық спартакиада жолдамасы

768

0

Жалағаш кентіндегі жабық бассейнде бұған дейін елді мекендердегі спорт нұсқаушылары, жасөспірімдер арасында аудандық турнирлер мен ашық біріншіліктер өтті. Бір жағынан қатысушылар шыңдалып, тәжірибе жинаса, екінші жағынан жергілікті тұрғындардың қызығушылығы артқанын аңғартады.

Кеше кезекті сайыс тағы да жалғасын тапты. Бұл жолы Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында мемлекеттік қызметкерлер еркін жүзуден аудандық турнирде бақ сынады. Жарысқа Жалағаш кенті мен 14 ауылдық округтен 30-ға жуық спортшы қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Турнирдің ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатов сайыстың маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыста 25-40 жас аралығындағы 30-ға жуық мемлекеттік қызметкер 50 метрге еркін жүзуден бақ сынасты. Бас төреші Нұркен Базарбайдың айтуынша, қатысушылар мемлекеттік қызметкер емес, тура бір су спортына машықтанған азаматтар іспетті, жүзу шеберлігі жоғары.

Жарыс қорытындысымен, Нұрғазы Ақылов мәреге бірінші келді. Ал Самат Нұрпейісов келесі орынға жайғасса, үздік үштікті Азамат Талғатұлы түйіндеді. Мұнан кейін кезек 40-50 жас аралығындағы қатысушыларға да келіп жетті. Олар еркін жүзуден 25 метрді белгілі уақытта бағындыруы қажет. Онда бірінші орынды Марғұлан Алмағанбетов, екінші орынды Руслан Қайранұлы, үшінші орынды Марат Ертуғанов иеленді.

Аудандық турнирді қорытындылаған жабық бассейн директоры Мұхтар Құлболдиев қатысушыларға алғыс білдіріп, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің дипломдарын табыс етті.

Жүзу жарысында 25-40 және 40-50 жас аралығында топ жарған спортшылар алдағы уақытта өтетін мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиадаға жолдама алды.

«СБ ақпарат