Облыстық спартакиадада екінші орынды иеленді

588

0

Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов «Алтын күз-2023» облыстық спартакиадасында ІІ орын иеленген Жалағаш ауданы командасының спортшыларын қабылдап, үздіктер қатарында болған спортшыларды марапаттады.

«Берекелі күздің қазан айы Жалағаш ауданы үшін жағымды жаңалықпен бастау алды. Шиелі ауданында өткен ауыл спортшыларының 36-шы дәстүрлі «Алтын күз – 2023» облыстық спартакиадасында Жалағаш ауданы командасы 3 алтын, 3 күміс, 5 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есеппен жүлделі ІІ орынды иеленді.

Бұл – үлкен жетістік, үлкен еңбек. Осы спартакиадада жеңіске жеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды шын жүректен құттықтаймын.

Спорт – бұл дінге, ұлтқа, жасқа, қызметке, уақытқа, ауа-райының қолайсыздығына қарамай, шұғылданушы адамның денсаулығын сақтауына мүмкіндік беретін үлкен сала.

Бұл саланың маңыздылығын ескере отырып, спорттағы жетістіктердің сапасын, спортшылардың шеберлік деңгейін арттыру, тұрғындарды спортқа тарту мақсатында аудандық бюджеттен спорт саласына бөлінген қаржының қайтарымын бүгін көріп отырмыз.

Бұнымен қоса биылғы жылы тамыз айында «Наркескен» спорт клубының тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы Кенжебекова Ақерке тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатында алтын жүлде иегері атанса, Өзбекстан мемлекетінің Хиуа қаласында гір спортынан өткізілген Әлем чемпионатында Жалағаш ауданы командасы жоғары жетістікке қол жеткізді. Естеріңізде болса, 2022 жылы өткен бұл доданың қорытындысында мен Сіздерге бұдан да жоғары белестерді бағындыра аласыздар деп сенім артқанмын. Сенім ақталды»,- деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.

4 күнге созылған додаға облыстың 7 ауданынан 1000-нан аса спортшы қатысып, спорттың 16 түрінен бақ сынасты.Аудан спортшылары аталған спартакиадада Президенттік көпсайыстан және екі жыл қатарынан Қазақ күресі мен гір спортынан қарсыластарынан басып озып, алтын жүлденің иегері атанды.

Соңғы үш жыл қатарынан көкпар мен бес асық спорт түрлерінен спортшыларымыз ІІ орынды иеленіп, күміс медальға қол жеткізді.Күміс жүлдегерлер қатарында әйелдер арасындағы тоғызқұмалақ жарысынан алдыңғы жылдары 4-5 орын алып жүрген тоғызқұмалақшылар бұл жолы намысты қолдан бермеді.

Сонымен қатар, қол добы, теңге ілу, аударыспақ спорт түрлерінен және алдыңғы жылдары 6-шы орыннан көрініп келген Үстел теннисінен жалағаштық спортшылар үздік үштікті түйіндеп, қол жүлдегер атанды.

Сондай-ақ, биылғы жылғы «Алтын күз» спартакиадасының ерекшелігі бағдарламаға кермеге тартылу спорты тұңғыш рет қосылып, бұл спорт түрінен де спортшыларымыз қола медальды иеленді.

Осы ретте аудан әкімі Асқарбек Есжанов сала бойынша жауапты басшыларға спортшыларымыз ауданның соңғы 10 жылда болмаған жетістікке жеткенін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды біз әлсіретіп алмау қажеттігін жеткізді. Барлық спорт түрінен жұмыстарды күшейтіп, бұл додада қалыс қалған спорт түрлеріне басымдық беріп, талдауды тапсырды.

2023 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша спортшыларымыз Республикалық және Халықаралық жарыстарға қатысып, Азия және Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 1 қола, ҚР чемпионаттарында 14 алтын, 11 күміс, 27 қола медальдарды жеңіп алса, облыстық жарыстарда 74 алтын, 61 күміс, 87 қола медальдарды иеленді. Есепті мерзімге І-разрядты спортшылар саны – 9, спорт шеберлері – 8, спорт шеберіне үміткерлер 27-ге жетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<