Облыстық тексеру комиссиясының жаңа төрағасы

1027

0

Кеше өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Нұрлан Нұржанов Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сәуле Құлымбетованың құрметті еңбек демалысына шығуына байланысты жаңа комиссия төрағасын таныстырды.

Облыс әкімі Сәуле Құлымбетованың  осы саладағы қажырлы еңбегін атап өтіп, аймақ жұртының атынан алғысын білдірді.

«Сәуле Ибрагимқызы басшылық жасаған жылдары 708 мемлекеттік аудит объектісіне сыртқы мемлекеттік аудит жүргізіліп, анықталған қаржылық бұзушылықтардың 18,9 млрд теңгесі бюджетке өтелген және қалпына келтірілді. Жүргізілген сыртқы мемлекеттік аудиттің нәтижесінде 83 отырыс өткізіліп, заң бұзушылықтарды жою, келтірілген шығындарды қалпына келтіру мазмұнында 607 нұсқама мемлекеттік аудит объектілерінің басшыларына орындау үшін берілген. Экономика және бюджеттік жоспарлау саласында көп жылғы атқарған нәтижелі еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Бұл Сәуле Ибрагимқызының өлшеусіз еңбегіне берілген айрықша баға деп есептейміз», – деді Н.Нәлібаев.

Жиында аймақ басшысы Президент Әкімшілігінің келісімімен және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің ұсынысымен Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындалған Мұса Қалдарбековтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі. 

«Мұса Оспанұлы – Қызылорда облысының тумасы, тәжірибелі маман, жауапты салаларда басшылық қызмет атқарған әлеуеті жоғары кадр. Әр жылдары қаржы және салық салаларында жауапты басшылық  қызметтер атқарған. 2019 жылы Қармақшы ауданының әкімі, одан кейінгі жылдары экономика секторындағы екі ірі басқарманы абыроймен басқарып келді. Алдағы уақытта Мұса Оспанұлы тек өңірдің емес, республика деңгейіндегі экономика саласының білікті майталманы ретінде бюджет қаржысының мақсатты бағытталуына, тиімді жұмсалуына және Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай еңбек етеді деген сенімім мол», – деді облыс әкімі.

Мұса Қалдарбеков 1972 жылы туған. Алматы технологиялық институты мен Алматы технология және бизнес университетін бітірген.

Еңбек жолын Кентау қаласындағы тігін фабрикасында жұмысшы болып бастаған. 1991-1997 жылдары – Жаңақорған өндірістік комбинатының жұмысшысы, «Кереге» кіші мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары. 1997-2011 жылдары Алматы қаласының салық органдарында жауапты басшылық қызметтер атқарған.

2011-2019 жылдары – Батыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары. 2019-2021 жылдары – Қармақшы ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы.

2022 жылдың мамыр айынан бастап облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<