«Арай» клуб кешенінде ақын Мөлдір Айтбайдың «Махаббат және бақыт үшін» атты эстетикалық поэзия кеші өтті.
Кеш барысында саксафон, виолончель, гитара, домбыра, фортепианоның сүйемелдеуімен өлеңдер оқылып, модерн стилінде би қойылды.
Нұртуған Жаңабай, Аружан Қойшығара, Айгерім Таңатова секілді әншілер ақын өлеңіне жазылған әндерді әуелете орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Алматы қаласынан келген жас сазгер Әділет Әкімхан ақын шығармашылығына тоқталып, жаңа туындыларын тарту етті.
– Мөлдір бос уақытында шет елге саяхаттағанды жақсы көретіні көпшілікке мәлім. Осы кештен кейін оның шет елді көргені шығармашылығының өсуіне зор ықпал еткенін байқадық. Ақын қыз поэзия кеші қалай өтуі керек екенін көрсетіп берді. Талабың оң болсын. Өнер көгінде, өлең биігінде өрлей бер, – деді ақын Ержеңіс Әбді.
Ерекше бағыт, жаңа форматта өткен поэзия кешінде сырбойылық жас ақындар да жиналды. Ақын Мақсат Дауылбай Мөлдірдің «Жылағам» атты өлеңіне жазылған әнді орындап, гүл шоқтарын табыстады.
Кеш «Махаббат және бақыт үшін» атты диалог-поэзиялық композициямен қорытындыланды.
– Мұндай кеш өткізу көптен ойда жүрген жоспар еді. Алғашқысын Сыр өңірінде өткізудің өзіндік маңызы бар. Бұл – шырын тілді шайырлардың шоқтығы биік тұғырлы өлкесі. Ақын деп айдар тағып, айдарымнан жел естірген мәртебелі мекенім. Өнеріме қолдау көрсетіп, кештің елу билетін алдын ала сатып алып, оңалту орталығы мен шығармашыл жастарға сыйлаған облыстық мәслихат депутаты Нұрболат Ибраевқа алғыс айтамын. Бұл бағыттағы поэзия кеші алдағы уақытта өзгеде өңірлерде өткізілмек, – деді ақын Мөлдір Айтбай.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<