Өлеңге өрнек салған

2455

0

Ақын Тұрсынкүл Құрманбекова туған жері Жаңақорған ауданы М.Нәлібаев ауылындағы клубта алғаш рет шығармашылық кешін өткізді.

Ол орта мектепті бітірген соң аудандық «Комунизм жолы» газетінің баспаханасында жұмыс істеген. Отбасында ері Жақсынбек екеуі бес перзентті өмірге әкеліп, тәрбиеледі. 1996 жылдан бері Алматы қаласында тұрады.

Тыңдарманның жүрегін тербеген өлең өрнектері Тұрсынкүл ақынның жүрегін жарып шыққан жыр әлемінің көрінісі екені даусыз. «Өлеңім – өмірімнің өрнегі» атты шығармашылық кеште ауыл әкімі Бақдәулет Сердалиев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақберген Бөлеков, ардагер ұстаз Серікбай Сұлтанов сөз алып, ізгі тілек арнады.Шығармашылық кештің иесіне аудан әкімі Мажит Самитұлының Құттықтау хаты мен сый-сыяпаты табысталды.

Рухани шарада  Тараз қаласынан арнайы келген қадірменді әріптестері қатарында Нақсұлу Шегебайқызы, Жібек Ысқақова арнау өлеңдерін оқыды. Кентау қаласынан келген Жұпаркүл Бекшораева ақын сөзіне жазылған бірнеше әнді орындады.

Ағайындары атынан Әлімхан Құрманбеков, Ерғали Оразбеков, сондай-ақ, ауылдың ақ жаулықты аналары, әулет үлкендері, Жаманбай ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Рысжан Төлепбергеноваға ақ тілек жаудырды.

Оқушылар өлеңдерді жатқа оқыды. Солардың қатарында Ергешбай Қарақат, Түгелбай Шұғыла, Әлмахан Әбдірахман, Дүйсенбек Мұхамеджан көптің ықыласына бөленді.

Жергілікті өнерпаз Көкен Өскенбай «Сөзімді арқау етіп жаздым өлең» жырын термеге қосты. Бүгінгі кеште оқылған өлеңдердің көбі Тұрсынкүл Құрманбекованың жаңадан жарық көрген «Желіден ескен жылы леп» атты кітапқа топтастырылған.

Осы кеште туындының тұсауын кесу құрметі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ақын-журналист Файзулла Пазылбекұлына және Нақсұлу Шегебайқызына ұсынылды. Кеш соңында Тұрсынкүл Құрманбекованың сөзіне жазылған Жұпаркүл Бекшораеваның «Сұлуымды сағындым», «Айымсың, сен айымсың» атты әндері орындалды.

Жанға шуақ, санаға сәуле құяр жырлары мен шынайы болмысына тәнті еткен ақын ананың «Өлеңім – серігімсің» әнін жыршы-термеші Мұхтар Дәрібаев орындағанда халықтың құрмет-қошеметі ерекше болды. Ауылдың жас ақыны Бекарыс Бексаба ақынға арнауын оқып берді.

Өлеңнің қадір-қасиетін түсінетін жандар барда Тұрсынкүл апа секілді ақынның орны төрде. Жас ұрпақ бұл туындылардан Отанға деген шынайы сезімі, туған жерге деген сағыныш сырларын ұғып, отты жырларынан қуат алады. Жасын жырдың қызуын ұрпақ жанына жақын тұтса ғана өміршең болады.

Мақпал МАРҚАБАЙ,

Журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<