Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Онда биылғы жылдың бірінші тоқсанында ауданда атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер айтылды.
Аудан әкімі экономикалық дамуда оң тенденция қалыптасып, жеті макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім орын алғанын атап өтті. Мысалы, инвестиция саласында 16,4 пайыз өсім бар. Жыл басынан бері ауданға 4,1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның 1,5 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, 2,6 млрд теңгесі Арал қаласына тиесілі. Аудан бюджеті биыл 15,2 млрд теңгемен бекітіліп, өткен жылғыдан 105,3 пайызға жоғарылаған. Есепті мерзімде өңірдің барлық кірістері 3 млрд теңгені құрап, 107,5 пайызға өскен. Оның ішінде ауданның өз түсімдері 1 млрд теңгені құрап, 25,4 пайызға артық орындалған.
– Жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 9,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өсім 17,4 пайызға жетті. Атап айтсақ, 148,1 мың тонна тұз, 49,4 мың текше метр табиғи құм қазылып, 84,8 мың тонна йодталған тұз, 1494 тонна балық және балық өнімдері өндірілді. Аудан көлемінде 2024-2028 жылдар аралығында бірыңғай индустрияландыру картасы, жалпыұлттық жобалар пулы және өңдеу өнеркәсібі жобаларының пулында іске асырылуы жоспарланған құны 174,8 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба бар. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесіне инвестициялық жобалар тізіміне қосымша 3,4 миллиард теңге болатын үш жоба ұсынылды, – деді Аманжол Оңғарбаев.
Аталған үш жоба биыл іске қосылмақ. Олар – «CamelPro» шаруа қожалығының заманауи су сақтау технологияларды пайдалана отырып жоғары калориялық жоңышқа өсіру жобасы, «Арал Проф Н» ЖШС-ның темірден дайын өнімдерді өндіру жобасы және «Аманжолов Жұбаныш» дара кәсіпкерлігінің ылғал майлықтар өндіру цехы.
Сонымен қатар Арал қаласының индустриялық аймағындағы жер телімдері толық игеріліп, қосымша 10 гектар жер табысталған. Жалпы көлемі 16 гектарды құрайды. Бұдан бөлек, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 5204-ке жеткен. Оның 95,7 пайызы тұрақты жұмыс істеп тұр. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 8397 адам жұмыспен қамтылып, салада өндірілген өнім 21,1 млрд теңгені құраған. Өсім – 147,3 пайыз.
Сондай-ақ аудан әкімі мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 954,3 млн теңгенің 35 жобасы несиелендірілгенін атап өтті. Ауданда туризм саласына 2,4 млрд теңге тартылып, 3 мейрамхана, қонақүй және «Арал» қонақүйі жанынан бассейн, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жол бойы сервисі мен метангаз құю бекетінің құрылысы жүргізілуде.
Ауданда 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың Жол картасы» мал, егін, балық шаруашылығы бағыттары бойынша іске асырылуда. Бұл бағытта жыл басынан бері 2,3 млрд теңгенің өнімі өңделген.
– Бекітілген жол картасы аясында 792 миллион теңгені құрайтын 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінге 298,4 миллион теңгенің 24 жобасы іске қосылды. Оларда 99 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Атап өту керек, биыл жол картасына өзгеріс енгізіліп, қосымша 12 жоба қосылды, – деді аудан әкімі.
Мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Ауданда кейінгі үш жылда төрт түлік мал басы 30 мыңнан астам өскен. Құрылыс саласы да қарқынды. Жыл басынан бері 1,1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Атқарылып жатқан тағы бір ауқымды жұмыс – биыл Сексеуіл кенті «көгілдір отынға» қосылмақ. Құны 3,5 млрд теңгені құрайтын жоба жыл соңында аяқталады. Сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Арал қаласындағы №№4, 5, 6 шағын аудандарында газ желілерінің, №1 шағын ауданда электр желісінің құрылысы жүруде. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Аманөткел» ауылында 150 орындық клуб, «Шижағада» заманауи спорт кешені салынып, «Шижаға» елді мекені мен Арал қаласында 0,4 және 10 кВт әуе желілері жүргізіледі.
Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – Арал қаласында жалпы ұзындығы 12 шақырым кәріз желісі салынады. Оған 15 әлеуметтік нысан қосылады. Бұдан бөлек, биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға барлығы 3939,9 млн теңге жоспарланған.
Аудан әкімі бірнеше жылдан бері қордаланып келген мәселе – Арал қаласындағы теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталатынын айтты. Айта кетсек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда төрт 300 орындық білім ордасы бой көтереді. Оның екеуі – аудан орталығы мен «Сексеуіл» кентінде салынып жатқан мектептер биылғы оқу жылында пайдалануға берілмек.
Жалпы, аудан бойынша алдағы жоспарлар ауқымды. Мысалы, 2024-2026 жылдары республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру мақсатында тиісті министрліктерге жалпы құны 18 млрд 676,6 млн теңгеге 27 жоба ұсынылып, нәтижесі күтілуде.
Әлеуметтік салада да оң серпін бар. Брифингте аудан әкімі мектеп бітіруші түлектер үшін қуанышты жаңалықпен бөлісті.
– Бұған дейін мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді Қазалы, Қызылорда қалаларына барып тапсыратын. Биыл бұл мәселе оң шешімін тапты. Енді аралдық талапкерлер ҰБТ-ны аудан орталығында тапсыратын болады. ҰБТ пункті болып Ұ.Қараманов атындағы № 262 мектеп-гимназиясы таңдалды, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Ауданда денсаулық сақтау нысандары, олардың техникалық жағдайына байланысты мәселелер де түбегейлі шешім табуда. Былтыр «Қызылжар», «Бөген» ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар, «Жалғызағым», «Тастүбек», «Көктем» елді мекендерінде медициналық бекеттер пайдалануға берілген. Биыл «Сексеуіл» кентінде 40 орындық аурухана пайдалануға беріліп, Тоқабай елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салынады. Оған қоса, аудандық аурухана жанынан жапсаржай, Арал қаласының «Шанхай» шағын ауданынан ауысымына 250 адамды қабылдай алатын емхана құрылыстары да биыл басталады.
Аудандық ауруханада 54 орынды кардиология және инсульттік бөлімшелер ашылған. Бұдан бөлек, биыл аурухана МРТ, ангиограф қондырғыларымен жабдықталады. Аудан халқы үшін тағы бір жағымды жаңалық – «Қамқорлық» ерте оңалту орталығын ашу үшін реконструкция жасауға 360,0 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталған. Орталық 2-17 жас аралығындағы мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерге арналған. Ашылған соң мекеме «Қазақстан халқына» қорынан 1,2 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтармен қамтылады.
Сондай-ақ биыл ауданда «Руханият» орталығының құрылысы басталады.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<