Өнегелі ғұмыр иесі

537

0

Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінде генерал-майор Михаил Дауеновтің 80 жылдығына арналған «Өнегелі ғұмыр иесі» атты еске алу іс-шарасы өтті. Жиынға департаменттің жеке құрамы мен ардагерлер қауымы қатысты.

Іс-шараны аймақтық орган бастығының міндетін уақытша атқарушы, ұлттық қауіпсіздік органдарының полковнигі Е.Замишев ашып, генерал-майор М.Дауеновтің өмірбаян деректерімен таныстырды. 1992 жылы «Набат» жауынгерлік операциясы кезінде өз өмірін қатерге тігіп, қиын келіссөздер жүргізген ұлттық қауіпсіздік органдарының офицері, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қызылорда облыстық басқармасының бастығы Михаил Дауенов болғандығын сөзге арқау етті.

Сондай-ақ, «ҰҚК органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық ұйымы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, отставкадағы полковник С.Досмағамбетов генерал-майорды еске алу іс-шаралары ол қызмет атқарған комитеттің Маңғыстау, Қостанай облыстық департаменттерінде де ұйымдастырылып отырғандығын жеткізді.

Генерал-майормен үзеңгілес болған ҰҚК органдарының құрметті ардагерлері, отставкадағы полковниктер Ералы Нұрахмет Жұмахметұлы мен Қойшыбаев Еркінбек Ерімбетұлы М.Дауеновтің 1992-1996 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қызылорда облыстық басқармасының бастығы кезіндегі және 1992 жылы өңірде қалааралық «Икарус» автобусын басып алған аса қауіпті қарулы қылмыскерлерге қарсы «Набат» жауынгерлік операциясының жүзеге асырылуы туралы өз естеліктерін бөлісті.

Іс-шараға қатысушыларға генерал-майордың өмір деректеріне арналып шығарылған деректі фильм көрсетілді. Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті ардагері, отставкадағы полковник Әмірхан Бәкірұлының қаламынан туған «Набат» операциясы атты деректі повесть таратылды. Соңында марқұм болған ардагерлердің рухына бағышталып ас берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<