Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Т.Қазантаевтың туылғанына 100 жылдық мерейтойы аясында танымдық конференция өткізілді.
Конференцияда аудан әкімі Есжанов Асқарбек Темірбекұлы алғы сөз сөйлеп, өз дәуірінің тамырын тап баса білген, терең, тұңғиық, өте күрделі жұмбақ тұлғаның тарихына тоқталды.
«Мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Қонысбек Төрешұлы Қазантаев еңбегімен өзіне өзі ескерткіш соғып кеткен адам десек қателеспейміз. Ең жоғары мәртебелі әмірші, әділ төреші тарих, уақыт Қонысбек Төрешұлын осылай бағалап, осылай құрметтеген.
Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың 100 жылдығына байланысты өтіп жатқан бұл шараның тәрбиелік маңызы зор. Себебі еңбектің қадірін біле қоймайтын мына заманда еңбектің әміршісіне айналған, пірі болған Қонысбек Төрешұлының өмірі мен қызметі кейінгі толқын жастарға үлгі, өнеге»,- деді аудан әкімі.
Танымдық конференцияны аудандық мәслихат төрағасы Елеусінов Өмірзақ Тұрымбетұлы жүргізіп отырды.
Халықтың қарапайым ұлы, білікті басшы, мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлының рухына тағзым ету, елеулі еңбегін насихаттау негізгі мақсат екенін айтқан Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Садық Әлиұлы тұлғаның үлгілі істерін, басқарушылық, іскерлік қабілеттерін бойына сіңіріп, құрметтейтінін жеткізді.
Өз еңбек жолында талай маманды жұмыс жасауға үйретіп, еңбек сүйгіш буын қалыптастырып, ел үшін еңбек ететін кадрлар өсірген Қонысбек Төрешұлына арналып Журналистер одағының мүшесі, Айбосынов Шыңғыс Дәуренбекұлы «Қазантаев мектебі» кітабын жазды. Шыңғыс Дәуренбекұлы өз кезегінде 10 жыл білікті басшымен жұмыс жасау бақыты бұйырып, тарихта халықтың жүрегінен орын алған азаматтың өмір жолы ұрпаққа өнегелі мектеп болып сақталатынын айтты. 100 жылдық мерей той қарсаңында өзінің авторлық шығармашылығымен жазған «Қ.Т.Қазантаевтың кеңістігі» атты еңбегі жарық көрмек.
Сондай-ақ, асыл азаматтың ұрпағы Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы мерейтойы аясында ұйымдастырылған танымдық конференцияда Жалағаш жұртының қашанда орны ерекше екенін, елде еңбек еткен азаматтарға құрметінің жоғары екенін жеткізді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен аудан әкімі Асқарбек Есжановқа өз алғысын білдірді.
Қонысбек Қазантаев атындағы аудандық мәдениет Үйінің әке атымен аталуы, бүгінгі жиында айтылған естеліктер, 100 жылдық тарихтың қайта жаңғырып, жасарғаны, Қонысбектей тұлғаның Жалағаш өңіріндегі дара жолының өшпейтінінің дәлелі болып қалары сөзсіз.
Аталмыш жиынға арнайы шақырылған құрметті қонақтармен қатар, Жалағаш ауданының құрметті азаматтары, аудан ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, сала басшылары және аудан тұрғындары қатысты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<