Өнегелі отбасы – қоғам байлығы

3084

0

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі “15 мамыр – Отбасы күні” мерекесі аясында “Өнегелі отбасы – қоғам байлығы” атты облыстық ана-аналар форумын ұйымдастырып, өткізді.

Білім ордасының 200-ден аса ата-анасы қатынасқан мазмұнды жиынға облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағамбет, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қ.Каримова және комиссия мүшелері, колледж ардагерлері, белгілі қоғам белсенділері, колледждің әлеуметтік серіктестері мен түлектері, жұмыс берушілер, мәслихат депутаттары, мектеп директорлары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Отбасылық құндылықтарды ұстаным еткен форум 5 тәжірибе алаңынан тұрды. Ең біріншісі “Әке көрген – оқ жонар, Ана көрген – тон пішер” деп аталды. Онда әкелері ер балаларға Қазақтың киіз үйін құруды үйретсе, аналары қыз балаларды ұлттық дастархан дайындауға қанықтырды. Ал, аталар қамшы өруден, әжелер тоқыма тоқып, құрақ құраудан ашық аспан астындағы шеберлік сағаттарын өткізді. Екінші тәжірибелік алаң “Цифрлы аймақ, IT технологиялар: жаңа мүмкіндіктер” шеберлік сағаты деп аталды.

Онда колледждің ата-анасы болып табылатын Н.Арқабаев білім алушылар мен олардың ата-аналарына еңбек заңнамаларының шеңберінде жаңа технологиялар арқылы табыс табудың және балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолдарын түсіндірді.

Балалардың мобилді қосымшаларды, интернет-сайттарды, телефон құрылғыларын, жүріс-тұрысын бақылаудың, назарда ұстаудың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын үйретті. Үшінші алаң “Табысты ата-ана – бақытты бала” нетворкингі деп аталды. Онда колледждің өндіріс орындарындағы машықтанушылары оқу практикасы кезінде ата-аналардан байқаған қателіктер мен кемшіліктерді болашақ педагог ретінде ата-аналармен талқылап, өзара ой бөлісті. Сонымен бірге, оқу орнының жұмысшы және техникалық мамандықтарын меңгерген және көпбалалы ата-аналары студенттермен ашық сұхбат жүргізіп, қазіргі қоғамда ата-ана болудың, бала тәрбиелеудің жауапкершілігі мен міндеттемелерін айшықтады. Төртінші алаң “Ұлағат ұясынан ұшқан түлектер сабақтастығы” деп аталды.

Бұл жиын 90 жылдық тарихы бар колледжің түлек ата-аналарының бастамасымен өтті. Оқу орнын бітіргеніне 50 жыл, 40 жыл, 30 жыл болған ата-аналар шәкірттермен ерекше дидарласу өткізіп, тарихи маңызы бар оқиғаларды еске алып, сауалдарға жауап берді. Шара соңында түлектер мен студенттер колледж қабырғасында “Түлектер қауымдастығын” құру туралы ұсыныс тастады. Колледж басшылығы ұсынысты бірден қабыл алып, құжаттамалық жұмыстарына кірісуге, жұмыс жоспарын құруға шешім қабылдады. Бесінші алаң “Мүмкіндіктер керуені” жұмыс берушілер жәрмеңкесі деп аталды. Мұнда колледждің ата-анасы болып табылатын жеке мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтарының, спорт мектептерінің басшылары бітіруші курс және кәмелет жасына толған студенттерге уақытша және тұрақты жұмыс орындарын ұсынып, әңгімелесу жұмыстарын жүргізіп, ондаған студентке еңбек кітапшалары мен келісім-шарттар табыс етті.

Форум жұмысы колледждің өнегелі отбасыларының шеруіне ұласып, шара соңы “Өнегелі отбасы – қоғам байлығы” атты Open Air концертпен түйінделді. Оған колледждің ата-аналары мен студенттерінен құралған өнерлі отбасылық ансамблдер, ата-әжелерден, ата-аналар мен балалардан жинақталған домбырашылар ансамблі, колледждің өнерлі оқытушылары мен өнер ұжымдары қатысты. Жиын соңында колледж директоры Ж.Қ. Тоғанова форум барысында белсенділік танытқан ата-аналар мен әлеуметтік серіктестерге Алғыс хаттарын табыс етсе, колледждің ата-анасы барша Қазақстандық ата-аналарға Үндеу жолдады.

“Ата-ана, қоғам, бала” үштігінің үйлесіміне негізделген шара ерекше көңіл-күймен қорытындыланып, отбасы құндылықтарын азаматтық ұстаным еткен жиынға қатысушыларға серпіліс сыйлады.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

Өнегелі отбасы - қоғам байлығы
Өнегелі отбасы - қоғам байлығы
Өнегелі отбасы - қоғам байлығы
Өнегелі отбасы - қоғам байлығы
Өнегелі отбасы - қоғам байлығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<