Өнер күндері  «Жәмилә» драмасымен ашылды

3521

0

Кеше Астанада Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері басталды. Өнер мерекесі Астана қалалық Жастар театры сахнасында Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры қойған «Жәмилә» драмасымен ашылды.

Ш.Айтматовтың бұл драмасында қалыптасқан дәстүр мен өз тағдыр тақтасындағы таңдауға қарсы тұрған жас әйелдің нәубетке толы махаббаты бейнеленеді. Жәмиләнің өміріндегі басты сынақ та осы болатын.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері сахналаған қойылымды зиялы қауым өкілдері бастаған мәртебелі меймандар мен елордалық тұрғындар тамашалады.

Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі сахналанбақ. Бұл спектакль Кеңес заманында Халық ағарту комиссары қызметінде жүріп, ұлттың рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің қилы тағдырын баяндайды.

Мұнан бөлек, бүгін елорда төрінде «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылады. Көрме Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 3 бөлімнен тұрады. Ежелгі сақ дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін аймақтың әлеуметтік-мәдени дамуы мен жетістіктерін суреттейтін көрмеге Сығанақ қалашығынан  табылған бірегей археологиялық жәдігерлер және еліміздің тарихына ғылыми жаңалық болып енетін «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары алғаш рет қойылады.

Сыр өңірінің өнер күндері «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтетін Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан Ару Астанаға» атты Қызылорда облысы өнер шеберлерінің гала концертімен қорытындыланбақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<