Өнер өрісі – өмір өзегі

1296

0

Сыр өнері мен мәдениеті тәуелсіздік жылдары жаңа белеске көтерілді. Рухани қазыналарымыз қатталып, ғылыми айналымға енді. Еңселі мәдениет ошақтары салынып, ел ішіндегі өнер иелерін елеулі биікке шығарды. Бұрынғы өткен балалар мұрасын жарқыратып, жыраулықты жаңғыртты. «Сырдың елі – жырдың елі» деген атына лайық екенін танытты.   

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Жанат Құрамысовамен арадағы әңгіме осы төңіректе тарқатылды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, мәдениетті қолдау жылы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» жоғымызды түгендеп, барымызды асырған, ұлттық санамызды түлеткен ұлы өзгерістер емес пе?

Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғам тарапынан зор серпіліс тудырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтауды және ортақ фольклорлық мұраларды зерттеуді айрықша тапсырған еді. Осы мұраттың орындалған бір мысалы ретінде Оңтүстік Африкадағы Маврикий республикасының астанасы Порт-Луиде өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің отырысында түркі әлемінің абызы Қорқыт ата мұралары әлемдік ұйымның тізіміне енгізіліп, айрықша бағаға ие болуын айтуымыз керек. Сол әлемдік жиында қызылордалық қобызшы Мақсат Мұхамеджанов Қорқыт күйін орындады.

 Бұл ақжолтай жаңалыққа қызылордалық зерттеушілер де зор еңбек сіңірді. Халықаралық ұйымның арнайы комиссиясына Сыр ғалымдары ұсынған зерттеу еңбектер мен нақты дәлел-дәйектер өз жемісін берді.

Қобыз – ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан киелі музыка аспабы. Қобызбен шабыт шақыру ғана емес, шипа беруге де болады. Ол ең біріншіден, әрбір тыңдау­шысының рухын оята алатын қасиетке ие. Сондықтан кеңес дәуірінде «ескі заман сарыны» саналып, есікте қалған қобыз тәуелсіздік таңында төрге озды. Біздің аймағымыз­да осы қасиетті өнерді өрістете түсу үшін биыл облыс­тық филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылып, арнайы мамандарға жалақы бекітілді.

– Тоғыз айға жуық мер­зімге созылған пандемияның мәдениет саласына айтарлықтай әсер етпегені байқалады. Оған осы кезеңде атқарылған  маңызды мәдени шаралар дәлел. Сол жөнінде тарқата айтып өтсеңіз?

– Пандемия барысындағы төтенше жағдайда облыстың мәдениет және өнер мекемелері наурыз айынан бастап онлайн режиміне көшірілді.  Арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, «Facebook», «Instagram», «Youtube», «Telegram», т.б. әлеуметтік желілер арқылы мәдениет өкілдері халықты жігерлендіріп, оларға рухани қуат сыйлауды бір мезет те тоқтатқан жоқ. Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сала бо­йынша жүзеге асырылып жатқан жобалар, онлайн концерттер, спектакль, экскурсия, лекция, таным­дық сағаттар, виртуалды көрмелер, басқа да шаралар көрер­мендері мен тыңдармандарына жол тартты.

Биыл кітапхана қорына қосылған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы кітап­тардың – әл Фарабидің 7 томдық жинағының, Абай шығар­маларының және сирек кездесетін кітаптар мен құнды қолжазбалардың онлайн-таныс­тырылымдары ұйымдастырылды. Жас­тардың шығармашылық қабілетін дамыту, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында онлайн викторина, онлайн оқулар  өткізілді.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық жобасы аясында еліміз бойынша 100 макросакралды киелі орындар іріктеліп, оған Сыр бойындағы – Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қалашықтары, Қорқыт ата ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегетай-Қылышты ата, Қорасан ата кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы «Христос спаситель» шіркеуі секілді нысандар қосылып, Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілді. Осынау жер қойнауында жатқан қазына жәдігерлерге кезең-кезеңімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Елбасы тәуелсіздік жылдарында «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген қазақы қағиданы үнемі еске салып отырды. Сол саясаттың арқасында Қазақстандағы 129 этнос өкілі бір тілекпен өмір сүріп, кемел келешек жолы ашылды.

«Цифрлық Қазақстан» бағ­дар­ламасы аясында «Электронды архив», «Электронды кітапхана» ақпараттық жүйелерін қалыптас­тыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі күні облыс бойынша өлкетану бағытындағы 3796 кітап, 6 газет топтамасы цифр­лы форматқа көшірілсе, архив құжаттарының 73 мың 154 сақтау бірлігінің 10 млн 542 мың парағы цифрлы форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды.

Осының бәрі облыстық мәдениет басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыс­тар. Басқарма басшысы М.Әбуова­ның бұл жұмыстарды жіті бақылап, тиісті тапсырмалар беру арқылы әр істің дер кезінде орындалуын қамтамасыз етіп келе жатқан білікті маман екенін айтуымыз керек.

Жалпы, мәдениет саласы қыз­меткерлері – уақытпен санаспайтын адамдар. Көпшіліктің мерекелік демалыстарында мәдениет пен өнер қызметкерлері үшін қайнаған қызу жұмыс басталады.

– Сонымен бірге, мәдениет, өнер өкілдерінің халықпен етене араласып, «атың барда желіп жүріп жер таны» дегендей, алыс, қызық сапарларда жүретін артықшылықтары да бар ғой.

– Иә, мәдениет пен өнерде шекара жоқ.

– Барған жерден жүлдемен оралатын жақсы хабарларды естігенде қуанып, марқайып қаламыз.

– Біздің топырағымыздан өсіп шыққан таланттардың өте көп екенін жақсы білесіз.

Былтыр Өзбекстанның Термез қаласында өткен «Халықаралық бахшы өнерінің фестивалінде» Сыр бойындағы жыраулық мектептің өкілі Ұлжан Байбосынова 74 мемлекеттен 160-тан астам өнерпаз қатысқан өнер аламанында бас жүлде иеленді.

2017 жылдың тамыз айында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ақдәулетова жетекшілік жасайтын облыстық балалар студиясының 7 өнерпазы Болгария еліндегі халықаралық балалар шығармашылығына арналған екі конкурсқа қатысты. Біздің балғын өнерпаздарымыз осы өнер бәйгесіндегі басқаларды құр қалдырып, бас жүлде, 1, 2 орындарды алып қайтты.

Мұнан кейін де осы Болгария мен Беларуссияда өткен «Хрустальды магнолия», «Витебскідегі Арт-парад» ән конкурстарында мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Ес­мұрзаева дайындаған қызылордалық жасөспірімдер Қарақат Базарбай мен Серік Мадияр бас жүлдені жұлып әкелді. Саят Сәрсенбек 2-орын алып, Хорлан Сайн лауреат атанды.

Санкт-Петербург қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі балалардың «Шаг навстречу» деп аталатын халықаралық шығармашылық фестиваліне №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп-интернатынан 4 өнерпаз қатысып, «ым» тілінде ән айту мен халықтық орындау жанры бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 4 талапкердің барлығы да жүлделі І орынды иленді.

– Бұл ерекшелікті немен байланыс­тыруға болады?

– Облысымызда жас таланттар үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Бүлдіршіндер мен балаларға арналған – «Бал бала», «Ақ көгершін», «Бозторғай», «Ботақан», «Таңшолпан», мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жүрек жылуы» секілді конкурс көп және оларға ерекше мән беріледі. Мәселен, өнерлі балалар бағбаны болған марқұм Қаракөз Ақдәулетова мен дарынды композитор Рамазан Таймановтың мектебінен шыққан қаншама таланттың бағы жанды!

Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының қолдауымен түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің Қызылорда жерінде дәстүрлі өткізілуі де біздің  балаларымыздың бойына өнер қуатын құятыны анық.

– Биыл еліміз бойынша Абай Құнан­байұлының – 175, Әбу Насыр әл Фарабидің – 1150 және  Алтын Орда хандығының 750 жылдығына орай өткізілген шаралар шеру тартты. Осы мерейтойлардың Қызыл­ордадағы көрінісіне көз тоқтатып өтсек?

– Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығына орай  облыс­тың мәдениет және өнер мекемелерінде 430 мәдени-ағартушылық шара, кітап көрмелері, концерттер, ақындар мүшәйрасы өткізілді. Алтын Орданың 750 жылдығына арналып, облыс кітапханаларында 200-ге жуық тақырыптық кітап көрмесі мен  тарихи-танымдық кештер және 280 түрлі бағыттағы шаралар, тарихшы ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, өнер ұжымдары мен дәстүрлі орын­дау­шылардың концерттері берілді.

Ал, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық  мерейтойы  Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Ерсайын Төлеубайдың  «Абай» спектаклінен басталып, жыл бойына 900-ден аса мерейтойлық іс-шара ұйымдастырылды. Солардың ең көлемдісі «Nur Оtan» партиясымен бірлесіп өткізілген «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысы болды, оған елімізге белгілі ақындармен қатар жергілікті жас айтыскерлеріміз де қатыс­ты.

Тұңғыш рет Сыр елінде А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы сахналанып, тұсаукесері өтті. Қойылымда облыс­тық филармонияның, Н.Беке­жанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, камералық оркестр және Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің аралас хор ұжымынан құралған 100-ге жуық  жергілікті өнерпаз өнер көрсетті.

Театр туралы сөз болғанда көптеген спектакльдерді сұлулап, сәндеп халықтың көзайымына айналдырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейіннің еңбегін де атай кету парыз. Сондай-ақ, режиссер Оңталап Нұрмаханов жетекшілік ететін Жастар ­теа­т­­рының да сахна өнеріне қосып келе жатқан өз үлесі бар.

– «Сырдың елі – жырдың елі», оқырманды біздің өңірдің де, өнердің де қадірін көтеретін жыршылар мен күйшілердің жа­йынан хабардар ете отыра­йық.

– Белгілі жырау Алмас Алматовтың «Шыңғыснама» тарихи дастаны алғаш рет республика көлемінде – Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы жыршы-жырауларының  қатысуы­мен жырланып, әлеуметтік желі арқылы тарады.

Елдің рухани-мәдени танымын көтеру мақсатында «Тау тұлға Тұрмағамбет», «Жыр мұра»,  «Жауһар жыр», «Әжелер сөзі – тәрбие көзі», «Бабалар тарауы», «Алдаспан», «Алтын уық», «Асыл мұра», «Қанатты домбыра» сияқ­ты жобалары тұрақты түрде  жүргізілуде.

Ұлттық Домбыра күніне арналған «Ғасыр­лар пернесі» атты республикалық күйшілер байқауы талғампаз тыңдарман үшін тамаша сый болды.

Өнерсүйер жұрт күйші, композитор ­М.Сыдықовтың 80 жылдығына арналған «Ақ толқын» атты облыстық онлайн ән байқауын тамашалады.

– Өткен жылдарға ризашылығыңыз бен «әттеген-айы­ңыз» қандай?

– Осы айтылып отырған әңгіменің бәрі – ризашылық сезім. Ал, көңілге қаяу түсірген тұсымыз, ол – аз жылдың айналасында Батырхан Шөкенов, Кеңес Дүйсекеев, Қаракөз Ақдәулетова, Шынберген Тілеулесов секілді Сырда туған бірнеше өнер саңлағынан айырылып қалғанымыз.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы тамыз айынан бастап саналы ғұмырын өнер мен мәдениеттің өркендеуіне арнаған тұлғалардың, өнер саңлақтарының өнегелі өмір жолын насихаттауға, жарқын бейнелерін кейінгі буынның жадында жаңғыртуға арналған «Сағынышқа айналған бейнең…» атты жоба әзірлеп, әлеуметтік желі көрерменіне жариялады. Жобаның алғашқы шығарылымына халық ақыны Манап Көкенов жайлы бейнесюжет түсірілді.

Сонымен бірге, мәдениет қайраткерлері – Сұлтан Сармолдин, Бексұлтан Байкенжеев, Шайтұрсын Әбдібаев, Серік Өтеуов, Тасболат Сқақов, Өркен Мамақова жайлы шығарылымдармен толықты. Бұл дәстүр алдағы кезеңде де жалғасын табады.

– Алдағы кезеңде мәдениет ордасы тек қуаныш пен жақсылық жаршысы болсын. Халықты өнер қазынасына кенелтіп, жұртымыздың жан байлығын еселей беріңіздер.

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<