Өнері өмірімен ұштасқан

393

0

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Қызылорда қаласының құрметті азаматы Бақытбек Алпысбайұлы мен өмірлік жары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжанованың киелі сахна төрінде өнер көрсетіп келе жатқанына 55 жыл толуына арналған «Театр – өмір, байрақ, бақытым!» атты шығармашылық кеші өтті. Салтанатты кешке облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізіп, өнер иелеріне дәстүрге сай құрмет көрсетті.

– Сыр елі – жыр елі талай біртуар таланттарды өмірге әкелген қасиетті өңір.  Шын мәнінде киелі сахнада нағыз хас шеберлер, тума таланттар ғана  көрермен жүрегіне жол тауып, өмір өрнектерін өнер арқылы сомдай алады.  Сондықтан сахнаның жолы бір бөлек. Осы тұрғыдан айтқанда, өмірде де, өнерде бірге жүрген, оның ішінде шығармашылық жолына 55 жыл ғұмырын арнап, 250-ден астам рольді сомдаған  театр артистері – Бақытбек Алпысбайұлы мен өмірлік жары Кәмила Әбжанованың еңбегі ерекше құрметке лайық! Туған жерге туын тігіп, ел руханиятына елеулі еңбек еткен олардың шығармашылықтағы жалқы болмысы, жарасымды ғұмыры жас актерларға үлгі-өнеге, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Мерекелік кештің қонағы, ұлт руханиятының абызы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Театрлар ассоциациясының президенті және М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімұлы мерейтой иелерінің қазақ театры тарихындағы өзіндік орны бар екенін айта келіп, осынау жарты ғасырдан астам уақыт бедерінде ел руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

Мерейтойға арнайы келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлы және Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театрының актері, Мәдениет қайраткері М.Бақытжанов, Маңғыстаудан келген Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Н.Мұханұлы, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев және театр директорының орынбасары Т.Ахметов, Қызылорда қалалық жастар театрының көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері О.Нұрмаханов өнер айдынында қатар жүзген театр артистеріне  толайым тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады.

Айта кетейік, жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлы өнер иелерінің өмірін арқау еткен «Бақыт вальсі» деп аталатын жаңа пьесасын тарту етті.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында 55 жыл қатар еңбек етіп келе жатқан «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбайұлы мен өмірлік жары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжанова сомдаған сан алуан рольдерден үзінді қойып, олар ойнаған кейіпкерлерді қайта еске салған әріптестерінің сахналық қойылымы ерекше әсерлі болды. Сондай-ақ, өзге өңірлердегі өнер өкілдері мерейтой иелеріне видео-құттықтау жолдап,  ізгі ниеттерін білдіріп жатты.

Тағы бір жағымды жаңалық, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбайұлы таяуда Астана қаласында өткен «TEATRALL» театр фестивалінің арнайы жүлдесі – «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен және Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының ұжымы фестивальға қатысқаны үшін марапатталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<