«Өнерім өзіңе, туған жер!»

1427

0

С.Айтбаев атындағы облыстық көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Әбілқасым Сәрсенбаевты еске алуға арналған «Өнерім өзіңе, туған жер!» атты шығармашылық көрмесінің ашылу салатанаты өтті. Мақсаты – өнер иесін еске алып, оның шығармаларын өскелең ұрпаққа дәріптеу.

Іс-шараға облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ерділда Нұртазаұлы, зиялы қауым өкілдері және мәдениет саласының қызметкерлері мен суретшінің туыстары – Есенкүл және Исабек Сәрсенбаевтар, сондай-ақ суретшінің жұбайы Жанат Сәдуқызы қатысты.

«Өнерім өзіңе, туған жер!»

Әбілқасым Сәрсенбаев 1955 жылы Шиелі ауданы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, Шиелі аудандық пионерлер үйінде сурет үйірмесін ашып, ең алғаш еңбек жолын сонда бастаған. Аудандық өнер мектебінің директоры болған. 1986 жылы Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының дизайн факультетін бітіріп, оқытушы болып, аталған білім ордасының профессоры атанған. Оның ұлттық бояуға бай бірқатар төл туындылары АҚШ, Англия, Франция мемлекеттеріне танылып, халықтың ықыласына бөленді. Бірқатар еңбектері ҚР Мәдениет министрлігінің көркем көрмелер дирекция қорында сақтаулы.

Көрмеге суретшінің 100-ден астам туындылары қойылды.  Көрме 20 қазанға дейін жалғасады. Солардың бірі «Аққұмшықтағы ақ үйім», «Аққұмшықтағы құдық», «Аққұмшықтағы ауыл» атты картиналары оның туған жерге деген сағынышынан туған дүниелер. Майлы бояу және графикамен салынған картиналар – өнер иесінің көп жылғы еңбегінің жемісі.

Көрменің ашылуында сөз алған басқарма басшысының орынбасары Ерділда Нұртазаұлы суретшінің бірқатар еңбегіне тоқталып өтті.

– Ел мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып, қайталанбас туындыларымен есте қалған Әбілқасым Сәрсенбаевты еске алуға арналған шығармашылық көрменің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Тарихты туынды арқылы көрсетіп, мылқау бейнені түсінікті тілмен сөйлете білу – суретші мен мүсіншінің қолынан келетін өнер. Сондай ерекше өнердің иесі атанған Әбілқасым ағамыздың туындылары бүгінде тек республикаға ғана емес, дүние жүзіне танымал. Қылқалам шеберінің шығармашылығы – ізінен ерген шәкірттеріне, өскелең ұрпаққа қалған мұра. Сол мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – басты міндетіміз, – деді ол.

Иә, қылқалам шебері ауылдың өмірі мен тыныс-тіршілігін, табиғатын, адамдарын өз шығармашылығына арқау еткен. Сондай-ақ, бүкіл Түркі әлемінің алып тұлғасы Мұстафа Шоқайдың графикалық суреттерін, портреттерін ерекше бейнелеген. Сыр мәдениеті мен өнерін көрсететін әртүрлі бейнелер мен өзгеше туындылар шығармашылық көрмеде көпшілікке ұсынылды.

Суретшілер атынан ҚР Мәдениет қайраткері Аманкелді Кененбаев естелік айтты.

– Іс-шараға қолдау көрсеткен мәдениет және спорт басқармасына, сондай-ақ, көркемсурет галереясының ұжымына алғыс білдіремін. Әбекеңнің туындылары бізге ғана емес, бүкіл халыққа ортақ дүние. Кез келген туындысын халқына арнап, ерекше бейнеледі. Сол еңбегін бағалап, жастарға насихаттап, әрбір суретіне төрден орын бергендеріңіз үшін рахмет, – деді суретшінің жұбайы Жанат Сәдуқызы.

Ә.Сәрсенбаев 2008 жылы «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедицияның мүшесі ретінде бірталай елді аралаған. Мұстафа Шоқайдың туған жері Наршоқыдан бастап, Парижге дейін барып, тарихи тұлғаның өмірін зерттеген. Осы сапар нәтижесінде «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» және «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» атты екі бірдей кітап-альбомы жарық көрді. Суретшінің ұлттық болмыс пен құндылықтарға толы әрбір туындысы халықтың  назарын аударып, лайықты бағасын алып келеді.

Жиын соңында суретшіге арналған көрме-экспозициясы таныстырылып, жиналған қауым ерекше әсер алып қайтты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<