Өнерлі өрен

1030

0

Аслан Айтмұхамед – ұлттық өнерді дәріптеп, оның қадір-қасиетін бойына сіңіріп жүрген жеткіншек. Ол облыс орталығындағы «Orda school» жеке мектебінде оқиды. Кішкентайынан домбыраға деген қызығушылығы жас өнерпазды өзі білім алатын мектептегі домбыра және халық аспаптар үйірмесіне қатысуға жетеледі. Ұстаздарының айтуынша, Аслан ән-күй, жыр-термелерге жаны құмар. Өнермен қатар сабағын да жақсы оқиды.

12 жастағы өнерпаз бірқатар қалалық, облыстық, республикалық байқауларға, сайыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мәселен, дәулескер күйші Д.Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға белсене қатысқаны үшін мектеп директорынан алғыс хат алса, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап өткізілген «Ұлы Дала дауысы» ІІІ республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық байқауының аспапта орындау номинациясы бойынша ІІ орын лауреаты атанды. «Жас жұлдыз» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында жүзден жүйрек шығып, аспапта орындау жанры бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар республикалық «Тәуелсіздік – жыр, әнім» атты өнер байқауында да аспапта ойнау жанры бойынша бас жүлдені иеленді. Ал «Жұлдыз – АРТ» халықаралық байқауында аспаптық өнер номинациясы бойынша ІІ дәрежелі лауреат атанды.

Асланның бойындағы домбыра тарту өнерін дамытуда білім ұясының рөлі айрықша. Мұндағы домбыра және халық аспаптары үйірмесі талабы бар балғындарға халқымыздың күйлерін, жыр-термелерін  таныстырып, оларды аспапта ойнауды үйретеді. Шәкірт бойынан өнерге деген қабілетті тап басып танып, оны әрі қарай дамытуға күш салып жүрген білім ұясынан талай дәулескер күйшілер мен дүлділ домбырашылар шығары сөзсіз.  Ал халқымыздың қасиетті қара домбырасының киесін түйсінген өнерлі өрен – Асыланға талабыңа нұр жаусын дейміз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<