Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керектігін айта келе жас буынға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Осы ретте облыс көлемінде жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында игі іс-шаралар өтуде.
Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында «Өнер қуған өрендер» атты көркемөнер үйірмелері қатысушыларының мерекелік іс-шарасы өтті. Шараны мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ұйымдастырды. Негізгі мақсаты – Сыр еліндегі балалар шығармашылығына жаңа серпін беріп, киелі топырақтан қуат алған әрбір жас өрендерге қолдау білдіру.
Концертке облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысты.
Думанды шараны қалалық «Балбұлақ» үлгілі халықтық би ансамблі бастады. Мерекелік концертті «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы «Көк аспан» әнімен жалғастырып, Сырдариялық «Балауса» балалар би ансамблі көрермендерді өздерінің әсем билерімен баурады. «Тек алға!» деп ән шырқаған «Ғажаби» вокалды аспапты ансамблі көрерменнің зор қошеметіне бөленсе, Қазалы ауданынан келген «Дос-STAR» квартеті А.Қоразбаевтың «Елге тілек» әнін айтып халықтың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, басқа да аудандардан келген өнерпаздар өздерінің әсем әні мен көңілді билері арқылы келген қонақтардың көңілін көтерді.
Облыс әкімінің орынбасары шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандарға алғыс білдірді.
– Ең алдымен концерт ұйымдастырушыларына рақмет айтқым келеді. Бүгінгі шара өз деңгейінде өтті деп айта аламын. Мұндай шаралар жас ұрпақтың рухани тәрбие алуына септігін тигізеді. Бұл әрине соңы емес алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Өнерпаздарға сәттілік тілеймін. Өнерлерің өрге жүзсін, ̶ деді.
Шара соңында көрермендер қатысушы өнерпаздарды құттықтап, гүл шоқтарын ұсынып, естелік суретке түсті.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<