Былтыр өңірде 423 бизнес-жоспар әзірленіп, нәтижесінде 168 жоба қаржыландырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық айтты.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобасы аясында аудандық филиалдар кеңесшілері азаматтарға кеңес берген. Сондай-ақ кеңесшілердің сүйемелдеуімен 382 жоба қаржыландырылған.
− Өткен жыл өңір кәсіпкерлері үшін табысты болды. Кәсіпкерлер палатасы әр сала бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, кәсіптік оқыту, оның ішінде SMM бойынша 46 әйел, тігін өндірісінде 20, ұн және кондитерлік өнімдерді дайындауда 41 әйел оқыды. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы негізінде 3 жеңімпаз анықталды. Бүгінгі күні көкөніс, бау-бақша, жылыжай шаруашылығы және сүт өңдеу бағыттары бойынша 40 кәсіпкер оқытылды, − деді ол.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында 5 салалық кеңес жұмыс жасайды, ол 174 кәсіпкерді қамтып отыр. Өткен жылы кәсіпкерлерден 359 өтініш келіп түскен. Оның 223-і бизнесті қорғау бағытындағы арыз болса, 106-сы оң шешімін тауып, 19-ы қаралуда. Қалған 98 өтініш бойынша тиісті түсіндірме берілген.
− Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты, агроөнеркәсіп кешені, сауда, қоғамдық тамақтану, өнеркәсіп салаларында да оң өзгерістер бар. Соның ішінде елішілік құндылық және құрылыс комитеті бойынша атқарылатын жұмысқа ерекше тоқталғым келеді. Өздеріңіз білетіндей, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдары 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 9 мектептің құрылысын салатын мердігер мекемелер анықталды. Атап өтсек, «Алтын айдарлы», «Аман-Құрылыс», «АБУ-СЕР», «Бақ-Береке 2030», «Асар», «Сәт Сервис», «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС жеңімпаз болды. Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде отандық өндірушілерді тарту көзделіп отыр. Осы орайда, негізгі талап − СТ-КЗ немесе өнеркәсіптік сертификат негізінде өнімдерді жоба-сметалық құжаттамаға енгізу, − деді Пірмұхаммед Сыздық.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<