Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.Үкімет басшысы Қызылорда облысында қолданылған су үнемдеу тәжірибесін басқа өңірлерге тарату туралы тапсырма берді. Бұл әсіресе, вегетация кезеңінде су тапшылығы қатты сезілетін оңтүстік өңірлерге қатысты.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды. Қызылорда облысы осы жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша республикада көш бастады. Аймақ басшысы жұмысқа әлі де қарқын қосуды тапсырып, алдағы міндеттерді айқындады.
– 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім қалыптасты. Аудандар мен Қызылорда қаласында макрокөрсеткіштердің оң қарқыны қамтамасыз етілген.
Өңдеу өнеркәсібінде біздің өңір көшбасшы. Құрылыс саласында да барлық өңірлердің алдында тұрмыз. Осы көрсеткішті сақтап тұру бойынша жұмыстар атқарылуы тиіс. Тиісті орталық мемлекеттік органдармен жедел жұмыс жасап, жоспарлы параметрлердің орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, бұл жұмыстан тыс қалмаңыздар. Жыл соңына дейін барлық макрокөрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізу керек, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі бюджеттің игерілуіне қатысты да нақты тапсырмалар жүктеп, су шаруашылығындағы мәселелерге орай міндеттерді айқындады.
– 2022 жылдың қазан айында Арал теңізіндегі су көлемі 18,5 млрд текше метрге дейін азайған болса, биыл 22 млрд текше метрге дейін жетті. Алдағы қыс мезгілінде «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзеніне түсетін мол суды тиімді пайдаланып, теңізге көбірек жіберіп, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Аталған мекеме елді мекендердегі су нысандарын тазалап, гидротехникалық құрылыстарды жөндейді. Алайда әлі күнге дейін суға төлем төлеу баяу жүруде. Аудан әкімдері, мәселені тұрақты бақылауға алып, қарызды 1 қарашаға дейін толық өтеу шараларын қабылдаңыздар, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Аймақ басшысы су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген жобаларды іске асыруда Су ресурстары және ирригация министрлігімен нақты жұмыс жасауды, Ислам Даму банкінің қаржыландыруымен жүргізілетін «Қараөзек» су қоймасы құрылысын 2025 жылы бастау жұмыстарын үйлестіруді жүктеді.
Егістікке су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп, қыстағы мол суды Арал теңізі мен көлдер жүйесіне жіберу, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру, 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін каналдарды тазалау, жөндеу керек.
Жиында «Шардарадан» жіберілетін судың тиісті көлемін алуды, қауіпсіз өткізуді ұйымдастыру міндеттелді. Сондай-ақ аймақ басшысы «Қызылорда су торабындағы» жөндеу жұмыстарын осы жылдың 10 қарашасына дейін аяқтауды тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<