Өңір жастарының жетістігі

421

0

Облыста жасанды интелект ІТ саласын жетік меңгерген жастардың қатарының көбеюі қуантады. Жыл өткен сайын тың жобалар өз жемісін беріп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде облыстағы ІТ саланы дамыту жағдайы кеңінен талқыланып, сала мамандары алдағы міндеттер мен жүзеге асқан жобалар жөнінде ой қозғады.

Облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла былтыр Қорқыт ата университеті Оңтүстік Корея елімен бірлесіп жасанды интеллект мектебін ашқанын атап өтті. Қазіргі таңда студенттер технология саласы қарыштап дамыған елдің ұстаздарынан тәлім алуды бастап кетті.

– Алдағы уақытта екі ел арасындағы бірлескен жұмыстар жалғасын табады деген үміттеміз. Жоғары оқу орнында арнайы жасанды интеллект бойынша 100-ге жуық грант беру мәселесі қаралуда. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізген студенттер екі жыл көлемінде Оңтүстік Кореяда білім алады. Бұл – біздің өңірдің жастарына өте қажетті әрі ыңғайлы жоба. Келешекте жас мамандар өздерінің тың жобасын жарыққа шығаруға мүмкіндік алады деген ойдамын. Одан бөлек жаңа идеяларды жүзеге асыруға «Kyzylorda Hub», «ІТ park», «Astana Hub» секілді орталықтар арқылы жүзеге асыруға болады. Осы мақсатта тұрақты түрде облыс әкімдігімен бірлескен әртүрлі шаралар өткізілуде. Оның ішінде «Hackathon», «Pecha-Kucha» секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Былтыр жасанды интеллектті дамыту бағытында ұйымдастырылған инновациялық фестивальда көптеген жобаларға жол ашылды. Солардың бірі – жасанды интеллектіні қазақша сөйлетіп, ерекше жоба дайындаған оқушы Асылжан Абдуллаевты білікті мамандар жоғары бағалап отыр. Бұл жобаға елімізден бөлек, шет мемлекеттерден де қызығушылық білдіруде. Әр кезеңнің талабына сай жаңа технология пайда болады. Қазірге дейін робототехникаға мән берілді, ендігі кезекте жасанды интеллект арқылы жаңа индустрияға жол ашылып отыр. Сол себепті ІТ саланы дамытуға мүмкіндік жасау ел экономикасына жаңа серпін әкеледі деген ойдамын, – деді ол.

Ал «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтың айтуынша, бүгінде еңбек нарығында ІТ саласының мамандары жоғары сұранысқа ие болып отыр. Қоғамның кез келген саласында оның қажеттілігі айқын аңғарылады. Тіпті технология күнделікті өмірде де кеңінен қолданылуда. 

– Бірнеше ауқымды жобаны қолға алдық. Оған қала мен шалғайдағы елді мекендегі дарынды жастарды тартуға мән беріп келеміз. Олардың тың жобасын одан әрі жетілдіруге қолдау көрсетіледі. Сол жұмыстардың арқасында өңірде сәтті жобалар жарыққа шықты. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ІТ бағытында өткізілетін жобаларға Қызылорда қаласына қарағанда, шалғай ауылдан келетін жас өрендердің саны басым. Әсіресе, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының жастары өте белсенді. Бұл бізді ерекше қуантады. Алда көптеген жаңа жобалар мен жоспарлар орындалады деген үмітіміз бар, –  деді Ж.Түбекбаев.

Оның айтуынша, қазақстандық жастардың ІТ саласы, жасанды интеллект бойынша алған білімі шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланады. Олардың қабілет деңгейі ешкімнен кем соқпайды. Алдағы уақытта қазақстандық жастардың арасынан әлемдік деңгейдегі тың жобаларға түрен салатын талантты азаматтар шығатынына сенім зор.

– Қазірдің өзінде Google секілді дүние жүзіне белгілі компанияларда қызмет атқарып жүрген қызылордалық жастар бар. Алдағы уақытта олардың қатары толығады деген ойдамын.  Осындай талантты азаматтардың арқасында қазақстандық ІТ саласы, жасанды интеллект дамудың жаңа сатысына беттеп келеді, – деді ол.

«Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев ІТ тек айтишниктерге арналмағанын айтады. Бұл қоғамның барлық тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты.

– Сол себепті мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушы осы сала бойынша толық білім алуы керек деп ойлаймын. Бұл жердегі басты мақсат – барлығын ІТ маманы ету емес, болашағына қажет болатын қарапайым қызметтен хабардар болсын деген ой. Біздің ІТ парк базасында 12 резидент бар. Олардың әрқайсысы айына 2 рет іс-шара өткізеді. Оған біз ауылдық, аудандық мектептің және колледждің балаларын онлайн түрде қатыстырамыз. Одан бөлек,  шетелдің мамандарынан кеңес алып, балалармен кездесу ұйымдастырамыз. Биыл жасөспірімдерге арналған тағы бір жоба өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді А. Қуанышбаев.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<