Өңір: Жылу мен жарықтың іркілісі неден?

1127

0

Апта басында солтүстіктен оңтүстікке дейін электр энергиясына транзит жасайтын 220 киловольтті №202 линиядағы “Байқоңыр Энергия” МКК теңгеріміндегі электр желілерінде ақау болды. Салдарынан облыстағы электр энергиясы өзінің көрсеткішінен 25 процентке дейін төмендеп, Қызылорда қаласындағы жылу және электр жүйелері тоқтап, қаланың біршама бөлігі жарықсыз, жылусыз қалды. Мамандар дер кезінде қолға алып, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысты. Десе де, тұрғындардың арасында әлі де жылу мен жарық болмайды деген қауесет тарауда. Осыған орай, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов, “Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы” Ақ басқарма төрағасы Мұхиджан Кәрібаев, ҚазТрансГаз аймақ директоры Талғат Қызылбаев, Қызылорда жылу электр орталығының директоры Наурыз Сатханов, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов арнайы брифинг өткізіп, түсінік берді.

– Жағдай 7 желтоқсан күні жергілікті уақытпен 18:25 шамасында болды. Біздің облыс республикадағы бірыңғай электр желісінде орналасқан. Ресейлік компанияның аймақтағы қосалқы станциясында болған апатты жағдайдың басты себебі электр кернеуінің өз деңгейінен 25%-ке түсіп кетуі. Негізінен 5%-тен артық түсіруге болмайды Нәтижесінде, «КРЭК» акционерлік қоғамына  қарасты 5 электр желісінің 3-і мүлдем сөніп қалды. Одан бөлек,  «Қызылорда жылу электр орталығына» қарасты Қызылорда қаласында орналасқан 17 дербес автономды қазандықтар, оңтүстік бу қазандық филиалындағы 5 қазандық, Марал ишан көшесіндегі негізгі насостық станция барлығы істен шықты. Жағдай орын алған бойдан 1 сағаттың көлемінде қалпына келтірілді.  Бірақ жылу желілерінің 6 учаскесінде ақау шығып, 330 тоннадан астам су далаға кетті. Бұны қайта қалпына келтіру үшін скважиналардан мұздай су қайта жылу желілеріне айдалды. Мұның барлығы жылу температурасын төмендетті. Бұл өз кезегінде  үлкен шығын. Қазір қалпына келтіру жұмыстары толықтай жүргізіліп, газ, су беру өз деңгейінде жүріп жатыр, – деді басқарма басшысы.

  Айта кету керек, орын алған жағдайдың кесірінен көптеген тұрғындардың компьютерлері мен басқа да тұрмыстық техникалары істен шыққан. Бұл ретте тұрғындар  келтірілген шығының орнын толтырып, өз құқығын толықтай қорғай алады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң бар. Соған сәйкес кез келген тұтынушы сапалы қызмет алуға толықтай құқылы. ҚР Азаматтық кодексінің 486-бабына сәйкес, энергиямен жабдықтаушы ұйым беретін электр энергиясының сапасы ұлттық стандарттау және стандарттау жөніндегі өзгеде нормативтерге сай болуы тиіс. Тұтынушыға залал келтірілген жағдайда ол дереу тиісті мекемелерге хабар беруі қажет. Сонымен қатар, істен шыққан құралды бейнежазбаға түсіріп алған жөн. Сол хабарға байланысты электрмен жабдықтайтын мекеме құрылғының істен шығуына не себеп болғанын анықтайды, әрі сол арқылы шешім шығарылады, – деді облыс бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов. 

Жалпы, Қызылорда электр тарату компаниясының құрамында 12 мыңнан астам электр желілері мен 2000-ға жуық подстанция бар. Олардың 60%-тен астамының тозығы жеткен. Басқарма басшысының айтуынша, бәрін бірден жаңарту мүмкін емес. Оған қыруар қаржы керек. Тозығы жеткендердің барлығы кезең-кезеңімен жаңартылып жатқан көрінеді. 

Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, биыл қыс ерте түсіп, қаһарына мінді. Қыстың ортасына келмесе де жұрт алған көмірінің жарымын жағып тауысты. Жуық арада қытымыр қыстың аязының басылмайтыны анық. Баға бағамына көз жүгіртсек,  көмірдің бағасы да жылдан жылға өсіп, өңірде 1 тоннасы 15 мыңнан сатылуда. Әлі күнге дейін баға мемлекет тарапынан реттілмегендіктен ортадағы алыпсатарлар өз құнын қойып отыр. Ауылдағы ағайынға бұл үлкен шығын. Себебі, көмір алу үшін аудан орталығына арнайы көлік жалдап оған бір ақы төлесе, таразыдан желінетіні тағы бар. Осылай әрең жеткен қара отыннан тапшылық болмаса болғаны. Өйткені, жылу маусымы басталар тұста өңірде көмірге сұраныс жоғары болды, әрі жетіспеді. Осы ретте басқарма басшысына көмір қоры турасында сауал жолдадық.

– Бізде арнайы мониторинг жұмыс жасайды. Облысқа  жылу беру маусымында 163 мың тонна көмір қажет. Бүгінде оның 85 проценті өңірге жеткізілген. Аудандардағы жағдай үнемі бақылауда, күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады. Облыс бойынша 30 көмір таратушы кәсіпорындар жұмыс жасайды. Әзірге тапшылық туындамады. Егер қажеттілік туындаған жағдайда қайта алдыртуға жұмыс жасаймыз. Себебі, Шұбаркөл, Басықара, Екібастұздағы көмір шығаратын мекемелермен келісім-шарт жасалған, – дейді басқарма басшысы Руслан Аймырзаұлы.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<