Биыл облыста эпизоотиялық ахуал тұрақты. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы арнайы препарат салынып, алдын ала егу жұмыстары 100 пайыз орындалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев айтты.
– Өңірде аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу шаралары мен диагностикалық тексеру жұмыстары тұрақты әрі сапалы жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 2 мыңға тарта доза алдын ала егілді. Атап айтарлығы, биыл өңірде жұқпалы бруцеллез ауруы тағы да байқалды. Қан сынамалары нәтижесінде ауру жұқтырған 5 бас сиыр мен 115 уақ мал ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес залалсыздандырылды. Бүгінде тағы 2 мыңнан аса жануарға диагностикалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.
Оның айтуынша, биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 6 түрлі энзоотиялық ауруға қарсы ветеринариялық препарат сатып алынған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру барысында мамыр айына дейін мың жарымнан аса төрт түлік ақпараттық жүйеге енгізілген. Нәтижесінде, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда базаға енгізілген мал саны 3,8 пайызға өсіп отыр.
– Тағы бір жаңалық, биыл республикалық бюджеттен қаржы қаралып, 635 ветеринар маманның айлық жалақыларына 50 пайыздық үстемеақы қосылды. Осының арқасында кадрлық тұрақтылықты сақтап қалдық. Жалпы, өңірдегі 8 ветеринариялық станция мен 139 ветеринариялық пунктте барлығы 800-ге жуық маман бар, – деді басқарма басшысы.
Орайы келгенде айта кетейік, биыл аймақта типтік жобадағы 3 мал қорымын салу үшін жұмыстар ұйымдастырылуда. Оған 60 миллионнан астам теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<