Өңірде балық аулау ережесін бұзған 588 іс тіркелді

936

0

«Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген ата-бабамыздан қалған сөзді білмейтін адам кемде-кем шығар, сірә. Талай ашаршылық, алапат зұлмат жылдарында аталарымыздың жанына араша болып қалған, ұрпақ жалғастыруына сеп болған дүниенің бірі – балық. Қазіргі таңда ата-бабаларымыз қастерлеген су маржанын қалай қадірлеп, қаншалықты тиімді пайдаланып жүрміз?

Бүгінгі күннің талабына сай балық аулау түрлерін саралап бөлетін болсақ, олар – кәсіпшілік, әуесқойлық – спорттық, ғылыми-зертеулер үшін, бақылау үшін, мелиорациялық, өсімін молайту мақсатында, эксперименттік аулау болып бірнеше тәсілдерге бөлінеді.

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593-і «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы заңында балық шаруашылығын қалай жүргізу керек, балық және аң аулау тәртібі, уақыты, мезгілі толығымен көрсетіп берілген.

Балық аулауға тыйым салынған құралдар пайдаланып, балық  аулау қағидаларын бұзып, заңды белшесінен басып пайда тауып жүретін азаматтарымыздың да бар екені баршамызға белгілі. Халық  арасында балық аулау туралы  үгіт-насихат, түсіндірме  жұмыстары  әрдайым  жүргізіліп  келе  жатса  да, кейбір азаматтарымыздың заңсыздыққа бой алдырғаны анықтала қалған жағдайда: «заңды білмедім, хабарым жоқ»,- деп жүресінен отыра кететінін қайтерсің.

«Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды»  деген аталы сөзді бір сәт қаперімізге алып, қоршаған ортамызға қамқорлық жасап жүрсек келер ұрпақтың мол несібесі балық қорын аман сақтап, болашаққа мұраға қалдырарымыз хақ.

Енді осы балық және аң шаруашылығының жай-күйі, балық қорғау іс-шараларының ахуалы қандай жағдай да соған тоқталып кетейік.

2021 жылдың 11 айында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен және балық шаруашылығымен айналысатын табиғат пайдаланушылардың қорықшыларының қатысуымен, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандары тарапынан жиі жоспарлы түрде бірлескен рейдтер ұйымдастырып, бақылау рейдтік шаралар жүргізу барысында,  балық аулау қағидасын бұзу бойынша барлығы 588-ге жуық іс анықталып,  өрескел заң бұзушылық бойынша  70 әкімшілік іс сот қарауына жолданды. Оның ішінде 23 қылмыстық іс анықталып, полиция бөлімдеріне тапсырылды. Әкімшілік істер бойынша 7 млн 544 мың 287 теңге айыппұл салынып, 7 млн 961 мың 170 теңгесі өндірілді және осы істер бойынша табиғатқа келген залал 7 млн 496 мың 170 теңге құрап, қазіргі таңда 4 млн 977 мың 544 теңге өндірілді.  

Рас, қазіргі таңда балық аулауға арнайы рұқсат құжаттарын заңдастырылған түрде рәсімдеген тұрғындарымыз да аз емес. Сонда да жоғарыда айтылған жыл бойғы жинақталған көрсеткіштердің қорытындысы көңіл көншітерліктей емес екені мәлім болып отыр.

Балықтарды қырылудан аман алып қалудың қамына келсек, қыс  айларында мұздың қалыңдап қатуынан су айдындарындағы ылғал ауаның  жетіспеуі салдарынан балықтардың әлсіреп, жаппай қырылу қаупін болдырмау  мақсатында, суға ауа өтуі үшін арнайы ойықтар ойылып, олар қатып қалмауы үшін байлап буылған қамыстарды ойылған үкіге салып, оны уақытылы қозғап тұру қажет.

Қыс айларында өңірдегі су айдындарында мұз пайда болуына байланысты балық және аң аулау науқаны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық табиғат пайдаланушыларға өзен-көлдерде сақтық шараларын жасау, қауіпті аймақтарға арнайы ескерту белгілерін қою қажеттігі ескертіледі.

Балық қорын сақтау шараларына тоқтала кетсек, бүгінгі таңда балықшылар арасында полиамидтік синтетикалық талшықтан жасалған ауларды (қытай аулары) пайдаланушылар көлемі азайғанымен, әлі де болса ішінара кездесіп отыр. Бұл аудың балық қорының азаюына тигізетін  әсері өте зор көлемде екені көпшілікке белгілі. Полиамидтік ауларды ұзақ уақыт суда қалдырып  кеткен жағдайда, оған түскен  балықтардың суда шіріп, экофаунаны бүлдіріп, әр түрлі аурулар туғызуы мүмкін екенін Инспекция қызметкерлері ардайым көпшіліктің есіне салып келеді.

Алдағы уақыттың еншісінде Инспекция қызметкерлері табиғат заңдылықтарын сақтау мақсатында атқаратын іс-шаралардың ауқымын азайтпақ емес. Балық қорын сақтау, қорғау және қамқорлық жасау мемлекеттік инспекторлардың ғана емес, өңіріміздің барлық тұрғындарына бабаларымыздан қалған аманат.

Р. СЕЙТМҰРАТОВ,

Арал-Сырдария облысаралық бассейндік

балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<