Өңірде Еуропалық иммундау апталығы жүргізіледі

844

0

АЙМАҚТА ЕУРОПАЛЫҚ ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 2005 жылдан бері Еуропалық иммундау жүйесі жыл сайын өткізіледі. Биыл елімізде сәуір айының 23-29 аралығында өткізілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Идрисова мәлімдеді.

– Екпе егу – қоғамға ортақ жауапты қадам. Бұл апталықтың басты мақсаты – халықты вакциналардың тиімділігі, қауіпсіздігі туралы хабардар ету, иммундауға оң көзқарасты қалыптастыру, тиісті контингентті екпелермен қамту және пандемия тудырған олқылықтардың орнын толтыру болып табылады. Осы жылы инфекциялық ауруларға қарсы профилактикалық егу көрсеткіші 32 пайызды құрады. Вакцинадан кейін асқынулар барысы тіркелген жоқ. Жүргізілген профилактикалық егулердің арқасында облыс аумағында соңғы 15 жылда дифтерия, полиомиелит, көкжөтел, сіреспе сияқты инфекциялық аурулар тіркелмеген. Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 210 екпе кабинеті жұмылдырылған. Иммундау ақысыз негізде жүргізіледі. Сонымен қатар, санэпид бақылау қызметі мен емдеу мекемелерінің дәрігерлерімен бірге екпелердің сапасы мен қауіпсіздігі, қажеттілігі мен маңызы бойынша тұрғындар арасында тұрақты түрде санитариялық ағарту жұмыстары жүргізіледі. Шара өз нәтижесін беруде. Биылғы жылдың өзінде түсіндірме жұмыстарының арқасында сегіз ата-ана балаларына екпе салдыртқан, – деді Әлия Нұрмағанбетқызы.

– Қазіргі таңда басты мәселелердің бірі ата-аналардың вакцинадан бас тартуы болып табылады. Бірақ, бұл қате пікір. Вакцина сіреспе, қызылша ауруының алдын алады. Соңғы жылда аймақта профилактикалық вакцинаға арыз-шағым болған жоқ. Бала туғаннан иммунитетін көтеруге вакцина салады. Бала вакцинаны көтере алмай қалды деген жайлар тіркелген жоқ,- деді 1-ші қалалық емхананың педиатры Айжан Қайранбаева.

@ Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<