Өңірде өрік гүлдеді

2922

0

Көктем мезгілі табиғаттың жасанып-жаңаратын шағы ғой. Қытымыр қыстан құтылып, адамдар жаймашуақ уақыттың әсерін сезіне бастайды. Облыстың оңтүстік бөлігінде орналасқан Жаңақорған ауданында да бүгінде күн қабағы жадырап тұр. Бұл жеміс ағаштарының гүлдеуіне, жасыл желектің көгеруіне әсерін тигізді. Әлеуметтік желі беттерінде Жаңақорған кентінің тұрғыны Әлімжан Ержанов ауласындағы өрік ағашының гүлдеп жатқанын айтады. Бұл көрген адамды ерекше әсерге бөлейді.

Өрік дегенде жаһандық желі бетінен оқыған мына бір оқиға ойыма оралды. Жаңа үй алған отбасы мүшелері баспана құрылысын бастаймыз деп әрекет жасайды. Трактормен жердің топырағын айдатады. Сондай сәтте бір түп өрік ағашы тамырымен қопарылып құлап кеткен. Жер ылғалы əлі кете қоймаған уақыт. Ағаш тамырына жабысқан топырақ түспестен сол күйі тұрып қалды. Сол аз ғана топырақтан нəр алған өрік қайта бүршік жарып, айналаға хош иісін ашып гүлдейді. Ағаш құлап жатқанына қарамастан осындай құбылыспен көрген адамды таңғалдырды. Кейіннен өрік ағашы əжептеуір түйін салыпты. Жапырағының арасынан көгеріп көрініп тұр. Құлап жатса да, көпке дейін жапырағы жайқалып тұрған көрінеді. Бұл өрік ағашының өмір сүруге деген ұмтылысын айғақтайды. Бабын жасай білсең, одан мол өнім алуға негіз бар.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде география және биология пәндерінен дәріс беріп жүрген ғалым Оразхан Айдаров мұндай көркем сәттерді қалт жібермей, соны тамашалауға шетелден туристер тартуға болатынын айтады.

– Жапонияда сакура ағашының гүлдеуін ерекше іс-шара ретінде өткізеді. Ол біздің өрік, шие және жиде ағашы секілді кәдімгі ағаш қой. Әрбір табиғат құбылысы адамға ерекше әсер етеді. Біз мұны әлемдік деңгейде насихаттай алсақ, оған туристерді тартуға болады. Елімізде өрік ағашының көлемі өте аз. Қазір олардың базардағы бағасы 1,5-2 мың теңге тұрады. Шие де арзан емес. Сондықтан  екінші жағынан оны еккен адамға қаржылай көмек болатыны тағы бар. Бастысы ықылас керек, – дейді О.Айдаров.

Оның айтуынша, өрік ағашы 100 жылға дейін өмір сүреді. Ғасырға жуық уақыт ішінде ол 25-40 жыл жеміс береді. Жемісі негізінен шілде айында піседі.

– Отырғызғаннан кейін 3-4 жылда жеміс бере бастайды. Ал бесінші жыл өткенде 3-5, жеті жылғысы 15-20, 15-20 жылғысы 60-100 келіге дейін өнім береді. Ал Кавказ бен Орта Азияда бір ағаштан 300-400 келі жеміс беретін сорттары бар. Жемісінің құрамында  қант, алма және лимон қышқылдары, 10 процент керотин, 0,4-1,3 процент пектин заттары болады. Ал тұқымында 29-58 процент май бар. Кептірілген өріктің құрамында калий мен қант көп. Жемісті кептірілген және өңделген күйінде пайдаланады. Өріктен тосап, шырын, мармелад, персипан жасайды, десерт ретінде кәдеге жаратады. Жемістің аталған түрінің жүрек, бүйрек ауырғанда, анемияға, жүйке ауруларына пайдасы бар. Кептірілген өрікті несеп айдағанға қолданады, – дейді О.Айдаров.

Өрік гүлімен көбінесе жоғары температура, жөтел, тамақ ауруы, кеуде қуысының қысылуы, бас айналу немесе тәбеттің төмендеуі сияқты ауруларды емдейді. Ежелгі медициналық кітаптарда бұл гүлдің көптеген ерекшелігін көрсетеді.

Өрік ағашы Қытайдағы жабайы өсімдіктен шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған. Оны кейіннен ата-бабаларымыз оңтүстікте жер қазып жүргенде тауып алған. Әдемі болып шабдалы гүлдеріндей жайнап тұрғанын көріп, ағашты көрмеге әкелді. Уақыт өте  өрік  гүлі  Вьетнамдағы  Ай  Жаңа  жылының  символының біріне айналған.

Расында, біз  жеміс  ағаштарына өз деңгейінде қамқорлық жасап жүрген жоқпыз. Жаз айларында өңірде оған сұраныс артып кетеді. Дегенмен оны сырттан тасымалдауға әуеспіз. Айта кетерлігі, жеміс ағаштары суды өте көп қажет етпейді. Сондай-ақ, оларға аса көп қамқорлық таныту керек емес. Бастысы, ниет болса жетіп жатыр.

Міне, көктемнің тағы бір шуақты күндері басталды. Жер-дүниеге жан бітіп, табиғаттың өзі көркем кейпіне енді. Бау-бақшада өрік гүлдеді. Хош иісі мұрын жаратын күн де алыс емес.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<