Өңірді дамыту мәселелері жан-жақты қаралды

688

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған кеңейтілген жиын өткізді. Отырысқа облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен барлық департамент және басқарма басшылары қатысты.

Жиында әкім орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалардағы негізгі басымдыққа ие бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Облыс әкімі өңірдің негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің басым көпшілігі республикалық деңгейдегі орташа көрсеткіштен төмен екенін ескертті және инвестицияларды тарту жұмысын тез арада күшейтуді тапсырды.

Жиында өндірісті, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялар тарту бағытында атқарылған жұмыстарға талдау жүргізілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы және жер дауы мәселелері де шет қалмады, яғни шаруа қожалықтарына бөлінетін инвестициялық субсидиялардың жымқырылғанын және бірнеше елді мекендегі жер дауы жайлы айтып, осы мәселелерді бақылауды тапсырды.

Мұнан бөлек, әлеуметтік маңызды тауарлар құнының қолжетімді болуы мен қоймаларда жеткілікті қорды қамтамасыз етуді міндеттеді.

Мұнан өзге энергетика саласында инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейін саралап, келесі жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын осы кезден бастауды тапсырды. Сондай-ақ, басқарудың жаңа формасына өтетін қаладағы 575 көпқабатты үйдің дайындығы тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, оларды кондоминиум нысаны ретінде тіркеу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

Кеңейтілген жиында білім, денсаулық, жұмыспен қамту салаларындағы өзекті бағыттар ашық талқыланды. Нұрлыбек Нәлібаев ана мен бала өлімін азайту, жаңа мектептер салу, нақты жұмыс орындарын құру бағытында кешенді талдау жүргізіп, ұсыныстар даярлауды қатаң тапсырды.

Сондай-ақ, аймақтың қоғамдық-саяси ахуалы мәселесін саралаған өңір басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғаммен сындарлы диалог орнатуға дайын болуды және әлеуметтік шиеленісті болдырмауға қажетті жұмыстарды күшейтуді жүктеді.

Жиын соңында аймақ басшысы мемлекеттік аппаратты оңтайлы және тиімді ету мақсатында бағыттас басқармаларды біріктіріп, 24 басқармадан 8-ін қысқартып, облыс әкімдігінің құрылымында 16 басқарма қалатынын жеткізді.

Сондай-ақ, бұдан әрі облыс әкімінің штаттағы және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайды. Аймақ басшысы «біздің кеңесшіміз – халық!» деді.

(Кеңейтілген жиын туралы толық материалды келесі нөмірден оқи аласыздар).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<