Өңірдің өндірістік әлеуеті жоғары

7364

0

Кеше ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев өңірге жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында вице-министр облыс орталығындағы бірқатар өнеркәсіп және сауда орындарын аралап, кәсіпорын иелерімен кездесті. Вице-министрмен облыс әкімінң орынбасары Ардақ Зебешев болды.

Қайрат Төребаев алдымен «Абай-Дәулет» ЖШС-на барып, «Riсe Shop Kz» брэнді бар күріш дүкенімен танысты. Серіктестік басшысы Мұрат Сәрсенбаев дүкен Сыр топырағында өсірілетін күріш сорттарын қолжетімді бағада сатып алу мүмкіндігін жасап отырғанын айтты. Бұл – аймақта күріш егіп, оны ақтаумен айналысатын барлық шаруашылықтың өз өнімдерін халыққа ұсынуына қолайлы орта жасауда таптырмас шешім.

Сондай-ақ «Kaz Fries» мұздатылған фри өндірісі мен күріш ақтау зауытының жұмысы таныстырылды. Айта кетейік, «Абай-Дәулет» серіктестігі күріш өндірісімен ғана емес, мал шаруашылығымен, ет өндірумен және көкөніс егумен айналысуда. Фри зауытында сағатына 300 келі өнім шығарылады.

Мұнан соң вице-министр «Алтын Орда» ЖШС ас тұзы мен күріш өндіру зауыттарының жұмыстарымен танысты.

Компания барлық талапқа және сапа стандарттарына сәйкес тұз шығаруды 2016 жылы қолға алған. Тұз екі түрлі зауытта өндіріледі. Сапа менеджменті жүйесі арқылы шикізат пен материалдар сапасы 100 пайыз қадағаланады. «Ас-соль», «Сафия» деген бренд қаптамадағы өнім Қызылордадан басқа елдің барлық облысында қолжетімді. Ал сырт елдерден Ресей, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия мен Балтық елдеріне экспортталып жүр. Алдағы уақытта өнімнің таралу географиясын біртіндеп кеңейту жоспарда бар.

Былтыр Сыр өңіріне ресми сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұз өндіретін зауыттың жұмысымен танысып, кәсіпорын қызметін жоғары бағалаған болатын. Ендігі мақсат – үшінші зауытты іске қосып, елдің азық-түлік өндірісін дамытуға үлес қосу.

Жалпы облыста еліміздің 90 пайыз күріші өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар алыс-жақын шетелдерге кеңінен экспортталуда. Қайрат Төребаев кәсіпорын басшыларымен өңірдің бұл шаруашылықтағы климатын одан әрі дамыту жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.

Одан соң вице-министр республика бойынша алғашқы болып 2022 жылы іске қосылған «Orda Glass Ltd» табақша шыны өндіру зауытының жұмысымен танысты. Өңірдің өнеркәсіп саласының дамуына серпін берген шыны зауытына 42 млрд теңге инвестиция тартылды. Қажетті шикізаттар шетелден, әсіресе Ресейден, Өзбекстаннан тасымалдануда. Зауыт іске қосылған сәттен бастап 27,3 млрд теңгеге 20,8 млн шаршы метр шыны өндірді. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, қалғаны Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузияға және Ресейге экспортқа жіберіледі. Қазіргі таңда зауытта 400-ге жуық қызметкер жұмыс жасауда.

Атап өту қажет, облыс бойынша биылғы жылдың 5 айында шикізаттық емес экспорт көлемі 82 млн АҚШ долларын құрап, былтырғымен салыстырғанда 2,4 есеге өсті. Шикізаттық емес экспорттың оң динамикасына күріш өнімдері, уран шала тотығы экспортының өсуі және толық жобалық қуаттылыққа шыққан шыны зауыты экспортының нәтижесінде қол жеткізілуде.

Сонымен қатар, іссапар аясында Қайрат Төребаев «Сыбаға» сауда базарын аралап, базар басшысының ұсыныстарын тыңдады. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан «Сұлтан-2» сауда базарымен де танысып, құрылысына қатысты ой-пікірмен бөлісті. Бұдан бөлек, сауда базарларын жаңғыртудың Жол картасына сәйкес жаңғыртылатын «Асбол» базарына барып, базар иесінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Вице-министр мемлекет тарапынан лайықты қолдау болса, өнеркәсіп орындарының мүмкіндігі мол екенін, жалпы өңірдің экспорттық, өндірістік әлеуеті жоғары екенін айтты.

Биылғы қаңтар-маусым айларында облыс бойынша жалпы сауда айналымы 356,7 млрд теңгені құрап, былтырғыдан 3,6 пайызға артқан. Атап айтқанда, бөлшек сауда айналымы 217,0 млрд теңгені құрап, 102,8 пайыз болса, көтерме сауда айналымы 139,0 млрд теңгені немесе 104,8 пайызды құрап отыр.

Айта кетсек, бүгін ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың өңірдің бизнес өкілдерімен кездесуі, сондай-ақ, жеке қабылдау өткізуі жоспарланған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<