Өңірдің өзегі – инвестиция, өндіріс және ауыл шаруашылығы

443

0

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Үкімет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, өзекті мәселелерді шешу барысын талқылады және негізгі инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралады.

«Өнім өндірушілер халыққа сапалы әрі қолжетімді тауар ұсынуы қажет»

Әлихан Смайылов жалпы қуаты 197 мың тоннадан асатын «Orda Glass Ltd» шыны өндіру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын биылғы қазан айында «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында іске қосылды. Мемлекеттік қолдау шаралары ретінде оған қажетті инженерлік инфрақұрылым (электр энергиясы, су, кәріз, газ, байланыс желісі), авто және темір жолдар жүргізілді. Қазіргі уақытта зауытта 370 адам жұмыс істейді. Өнім республиканың басқа өңірлеріне жіберіледі, экспортқа шығару жоспарда бар.

Премьер-Министр шыны зауытының іске қосылуы Қызылорда облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша құрылыс индустриясының дамуына серпін беретінін атап өтті.

«Мұндай өндірістер құрылыс шығындарын және импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл өнеркәсіпте 160 жаңа жоба іске қосылды. Үкімет өз тарапынан осындай кәсіпорындарға барлық қажетті көмек көрсетуді жалғастыруға дайын», – деді Әлихан Смайылов.

Әрі қарай Премьер-Министр қуаты жылына 33 мың тоннадан асатын «Мағжан және К» ЖШС күріш өңдеу зауытында болды. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ішкі нарыққа және ішінара экспортқа жіберілетін йодталған техникалық және ас тұзын өндіретін «Ассоль» зауытында болды. 2021 жылы компания өнімдер мен қызметтердің сапасы бойынша ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының жеңімпазы болып танылған.

Әлихан Смайылов Қызылорда облысының республика бойынша күріштің негізгі өндірушісі екенін (90%) және тұз өндіру бойынша да жетекші орында (97%) тұрғанын атап өтті. Биыл өңірдің АӨК саласына құйылған инвестициялары 8,5%-ға өсті, 250 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Осы орайда, Үкімет басшының айтуынша, еліміз өзін азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етуі керек. Осыған ұмтылуымыз керек.

Үкімет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Аграрийлер саланың бірқатар мәселесін, соның ішінде егінді сумен қамтамасыз ету және күріш өсірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділігін кеңейту мәселелерін атап өтті. Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мұқият тыңдап, АӨК-нің проблемалық мәселелерін шешу Үкіметтің назарында екенін атап өтті.

«Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына үлкен қаржылық қолдау көрсетеді. Дегенмен өндірушілер де өз тарапынан халыққа сапалы және қолжетімді азық-түлік тауарларын ұсынуы қажет» деді Премьер-Министр.

ЖАҢА ЖЭО ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Облысқа жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің негізгі инфрақұрылымдық нысандарының жұмысын тексерді.

Атап айтқанда, Әлихан Смайылов Қызылордада 67 МВт электр қуаты мен 341 Гкал/сағ жылу энергиясын өндіретін ЖЭО-да болды. Сондай-ақ ол оңтүстік өңірлерді үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жалпы қуаттылығы 240 МВт және 277 Гкал/сағ болатын жаңа жылу-электр орталығының құрылыс жобасымен танысты. Шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобаны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Премьер-Министр жұмыс істеп тұрған ЖЭО өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынғандықтан, тозығы жеткенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін оңтүстік өңірлерде бу-газ қондырғыларын салу бойынша бірқатар жоба іске асырылады.

«Ел экономикасы дамуымен қатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар да көптеп іске қосылуда, сондықтан қосымша энергия көздерін жедел іске қосу қажет. Осы міндеттер аясында Қызылорда облысында жаңа ЖЭО салынады. Бұл жобаны да уақытылы аяқтау керек», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, Қызылорда облысындағы тозығы жеткен электр желілерінің мәселесін де шұғыл түрде шешу керек, өйткені олардың техникалық жай-күйі өңір тұрғындары мен өнеркәсіптік объектілерін электр қуатымен қамтамасыз ету сапасына тікелей әсер етеді.

Жұмыс сапарында Үкімет басшысы С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде болды.

Колледж құрылыс және сервис саласында 12 мамандық бойынша кадр даярлайды. Нысан – өткен жылы облыс бойынша пилоттық жоба аясында сенімгерлік басқаруға берілген алғашқы колледждердің бірі. Жеке кәсіпкер 5 жыл ішінде материалдық-техникалық базаны жаңартуға, күрделі жөндеуге және колледжге қосымша ғимарат салуға 3 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға міндеттенеді. Осы міндеттемеге сәйкес кәсіпкер биыл қосымша жапсарлас құрылысымен қоса жұмыс істеп тұрған ғимаратты күрделі жөндеуге 1,5 млрд теңге салып отыр.

2023 жылы нысан аумағында жабық шағын спорт кешенін салу, сондай-ақ колледжде дайындалатын 12 мамандық бойынша өндірісте қолданылатын жаңа технологиялармен жабдықталған заманауи шеберханалар ғимаратын кеңейту үшін 1,5 млрд теңгеге жеке инвестициялар салу жоспарланған.

Премьер-Министр сондай-ақ, «Қамқорлық» оңалту орталығына аялдады.

Бұл нысан тәулік бойы 60 төсекке және күндізгі емдеуге 10 төсекке есептелген. Қазіргі уақытта орталық тиісті стандарттарға сәйкес арнайы емдік медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Орталықта штаттық режимде барлығы 70 маман жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда 960 бала тәулік бойы оңалту емдеу, 752 бала амбулаториялық ем алды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Сырдария өзенінің арнасында орналасқан Қызылорда су торабының жұмысымен танысты. Оның негізгі қызметі – өзендегі су ағынын реттеу және Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының аумағында орналасқан 110 мың гектар суармалы жерді, 250 мың гектар шабындық жер мен жайылымдарды сумен қамтамасыз ету.

2020 жылы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес гидроторапты кешенді қайта құру басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда.

Премьер-Министр қазіргі уақытта Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеу аяқталуға жақын қалғанын, оны іске асыру инвестициялар тартуға және бірінші кезектегі проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов шекаралас елдермен жүргізілген келіссөздерден кейін биыл өңірде су тапшылығын төмендетуге мүмкіндіктер жасалғанын айтты. Сонымен қатар каналдарды тазарту және гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде егіс алқаптары толығымен суармалы сумен қамтамасыз етілді.

Алдағы вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар да қарастырылған. Белгіленген су лимитін алу бойынша келіссөздер жалғасады.

Жобалардың сапалы болуы маңызды

Үкімет басшысының облысқа жұмыс сапары аясында өткен кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды.

Облыстағы ағымдағы жағдай туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады. Аймақ басшысының хабарлауынша, осы жылдың 11 айында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны жоғары болды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8,5%-ға, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29,5%-ға, ал инвестициялар тарту қарқыны 31,3%-ға ұлғайды. Облыста 28 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 366 шақырым автожол жөнделді және 604 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.

Өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өсу қарқыны туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады. Сондай-ақ кеңесте білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, жол инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын, облысты электрмен, жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамыту, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар қаралды.

Премьер-Министр ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Іс-қимыл жоспарында өңірлік даму мәселелеріне, оның ішінде олардың дербестігін арттыруға және өңірлік диспропорцияны төмендетуге баса назар аударылғанын атап өтті.

«Іс-шаралардың барлығы қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр», – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, биыл бекітілген ұлттық жобалар аясында облыста 2026 жылға дейін 15 мыңнан астам оқушыға арналған жаңадан 21 мектеп, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 27 объект салынып, 4 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланған. Одан бөлек, ауылдық жерлерге келетін медицина мамандарын әлеуметтік қолдау мәселелері шешіледі.

Премьер-Министр Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының үш жылдық Кешенді жоспарын іске асыру аяқталып қалғанын еске салды. Соның арқасында халықты газдандыру және сумен қамтамасыз ету деңгейі, тұрғын үй құрылысының қарқыны және басқа да негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер артты. Жалпы өңірлік өнім көлемі номиналды мәнде 279 млрд теңгеге өсті, облыс экономикасына шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте жоспардың 25 іс-шарасы орындалмай қалды.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов өңір экономикасын әртараптандыруды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Биыл облыста жеке инвестициялар есебінен құны 6,5 млрд теңге болатын 7 жобаны аяқтау жоспарлануда. 1 трлн теңгеден астам сомаға тағы 60-қа жуық жоба іске асырылып жатыр.

«Облыс әкімдігі олардың барлығын уақытылы іске қосып, жоспарланған жобалардың сапалы болуын қамтамасыз етуі қажет», – деді ол.

Әлихан Смайылов азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, облыс тұрғындарын жылумен, электрмен және сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Премьер-Министр Солтүстік Арал теңізінің жағдайына ерекше назар аударды. Оның көлемі соңғы жылдары азайып барады. Осыған байланысты ол суару технологиялары мен кезектілігін ұстануды және коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалануды, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыруды, жерлердің мелиоративтік жағдайына мониторинг жасауды күшейтуді, каналдардың жөндеу жұмыстарын жүргізуді, суару желісінің магистральдық және шаруашылық арналарын тазартуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов 2023 жылдың 1-ші тоқсанының аяғына дейін экологиялық төлемдерді ескере отырып, коммуналдық сектор кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылдауды, 2025 жылдың соңына дейін «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының жергілікті учаскелерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды аяқтауды және облыстық жолдардың нормативтік жағдайын 95%-ға жеткізуді, кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың құрылыс жобасын одан әрі жүзеге асыру үшін инвестор тарту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ «Қараөзек» су қоймасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Бұл ретте Премьер-Министр газдың ресурстық базасының болуын ескере отырып, облыстың елді мекендерін газдандыруды жалғастыру және Қызылорда қаласында перинаталдық орталық салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді жеделдету қажеттігін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<