Өңірлерден басталған «Бірлік Керуені» елордаға жетті

363

0

Фото: ашық дереккөз

Елордада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Бірлік Керуені» салтанатты іс-шарасы өтті. Жиынға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, дүбірлі додаға қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары, бапкерлер, өнерпаздар және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов Дүниежүзілік көшпенділер ойыны секілді мәні терең, мазмұны бай жаһандық жарыстың қазақ топырағында ұйымдастырылуы зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін, ал оның абыроймен өтуіне үлес қосуы отаншылдықтың белгісі екенін атап өтті.

«Биыл еліміз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдап жатыр. Бейресми түрде дүбірлі доданы Көшпенділер Олимпиадасы деп те айтады. Ал дәстүрге сәйкес, Олимпиада, Азиада, Универсиада секілді ауқымды спорттық іс-шараларда Алау эстафетасы ұйымдастырылады. Бұл – ірі жарыстардың ажырамас бөлігі. Біз осы бір игі дәстүрді қазақ халқының дәстүр-салтына лайықтап, жаңаша форматта өткізуді жөн көрдік. Көшпенділер ойындарының негізгі элементі – қасиетті нышаны су. Сондықтан бүгін еліміздің әрбір өңіріндегі қасиетті бұлақтардан алынған су арнайы керуенмен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына жеткізіліп отыр», – деді Туризм және спорт министрі.

Көшпенділер ойындары – Қазақстанды әлем жұртшылығына жаңа қырынан паш ететін бірегей жоба. Қазіргі таңда Ойындарға қатысушылар мен туристер дүбірлі доданы тамашалау үшін Астанаға арнайы келіп жатыр.

Айта кетейік, 8-13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2700-ден астам спортшы қатысады. Олар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<