Өңірлерге жем-шөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек – Президент

545

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қуаңшылыққа тап болған өңірлерге көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы осыған дейін бұл министрлікте бірқатар басшылар болды. Алайда әр министр өз бағдарламасын жүзеге асырған еді. Нәтижесінде мұндай жұмыс саланы қауқарсыз күйге түсірді, шаруаларды әбден қажытты. Үкімет пен әкімдер «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеуі тиіс. Үкіметтің төтенше жағдайларға арналған резервін пайдаланыңыздар, қажетті көмекті беріңіздер», – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңіраралық және салааралық мәселелерді шешу үшін құрылған республикалық штабтың жұмысына көңіл толмайтынын айтты.

«Жалпы республикалық штаб жедел жұмыс жүргізуі керек. Қабылданған шаралардың бағыты фермерлерге анық әрі түсінікті болуға тиіс. Мына нәрселерге назар аударғым келеді: мемлекет міндетті түрде қажетті көмекті көрсетеді.

Сондай-ақ, шаруалар да ортақ жұмысқа атсалысуы қажет. Ең алдымен қиындыққа тап болған өңірлерге жем-шөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастырған жөн», – деді Президент.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі қуаңшылықта тиісті жұмыс атқармағаны үшін Ауыл шаруашылығы министрін отставкаға жіберді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<