1 наурыздан бастап алғаш рет еліміздің барлық аймағында өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталады. Аталмыш жобаның басты мақсаты – жас мемлекеттік басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыруды және әр өңірдегі талантты жастарды тартуды көздейді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев хабарлады.
-Өңірлік кадрлық резервіне іріктеу бірнеше кезеңдерден тұрады. Атап айтқанда, бірінші кезең: 1-31 наурыз аралығында құжаттарды қабылдау жүргізіледі. Екінші кезең: 5-14 сәуір аралығында заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу қабылданады. Үшінші кезең: 22 сәуір мен 7 маусым аралығында «Құзыреттерді бағалау» басталса, төртінше кезеңде комиссиядағы құрылымдық сұхбат жүргізіледі. Ал бесінші кезеңде комиссияның отырысы өтеді. Жобаға іріктеуді кадр комиссиясы жүзеге асырады. Сондай-ақ, өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл, – деді Ерлеген Жәрдемұлы.
Брифинг барысында Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бәкіров өңірлік резервке қабылданатын жас басқарушыларға қойылатын негізгі талаптарды атап өтті.
-Өңірлік резервке алынған азаматтар сайланатын негізгі лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметтеріне орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматтары қатыса алады.Сондай-ақ, іріктеуден өткен талапкерлер бір ғана өңірді және бір салалық бағытты таңдауға құқылы. Одан кейін салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді, – деді Ерлан Әмірханұлы.
Дильназ ТЕМІРҒАЛИ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
4-курс студенті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<