Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелері ендігі жерде сайлау негізінде дауыс беру арқылы анықталатын болды. Пилоттық жоба өткен жылы Алматы қаласында ұйымдастырылып, сәтті жүзеге асырылды. Бүгінде ол өзінің тиімділігін көрсетуде. Биылғы жылдан бастап барлық аймақтағы Өңірлік кеңес мүшелерін дауыс беру арқылы анықтау көзделуде. Биылғы 7-22 шілде аралығында кандидаттарды тіркеу жүргізілді.
Кандидаттарға қойылатын талаптар: кандидаттар өңірде тіркелген кәсіпкер, сондай-ақ, өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен Кәсіпкерлер палатасынан аккредиттеуден өткен қауымдастықтардың бірінші жетекшілері немесе қауымдастықтың орындаушы органының мүшелері арасынан сайланады.
Өңірлік кеңес мүшелігіне үміткер келесі талаптарға сәйкес келуі тиіс:
• Қазақстан Республикасының азаматы болу;
• өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді қатысушы болу;
• кәсіпкерлер арасында пікір көшбасшыларының бірі болу;
• өңірде жария тұлға болу;
• кәсіпкерлер арасында және қоғамда оң беделге ие болу;
• бизнесінің тарихы оң болуы;
• әлеуметтік жауапты кәсіпкер болу;
• облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаты болуы құпталады;
• Заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы.
Сайлау қорытындысы бойынша Өңірлік кеңес мүшелерінің 60%-ы облыс орталығынан кәсіпкерлік субъектілері және аккредиттелген қауымдастықтар (одақ), өзін-өзі реттейтін ұйымдар өкілдерінен, ал 40%-ы аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралады деп жоспарланып отыр. Біздің облысымызда тіркеуге өтініш берген кәсіпкерлердің ішінен Өңірлік іріктеу комиссиясының шешімімен қағида талаптарына сай келген 37 кәсіпкер үміткерлер тізіміне енгізілді. Үміткерлікке тіркелген кәсіпкерлердің 30-ы ер, 7-еуі әйел.
Салалық құрылымдар бойынша жасалған талдау бойынша үміткерлердің 8-і ауыл шаруашылығы саласында, 8-і құрылыс, 8-сауда, 3-еуі медицина, 2-еуі білім, қалған 8-і жеңіл өнеркәсіп, туризм, қоғамдық тамақтандыру және өзге де салаларда жұмыс жасайтын кәсіпкерлер.
қазіргі күні үміткерлер тіркеліп болды. Енді 25 шілде мен 3 тамыз аралығында Өңірлік кеңеске үміткерлер үгіт-насихат кампаниясын жүргізуде. Үгіт науқаны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, іс-шаралар, үгіт материалдарын шығару, тарату жолымен жүргізіледі. Ал 5-11 тамыз аралығында дауыс беру өткізіледі.
Дауыс беруге облыс аумағында тіркелген кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдар қатыса алады. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі, қауымдастық және өзін-өзі реттейтін ұйымдар бірінші басшы немесе арнайы өкілі арқылы бір кандидат үшін дауыс бере алады.
Дауыс беру рәсімі онлайн режимде 5-11 тамыз аралығында www.vote.atameken.kz интернет-порталында жүргізіледі. Облыстық кеңес мүшелерінің 60 проценті облыс орталығындағы кәсіпкерлерден, 40 проценті аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралады.
Дауыс беру үшін сайттағы «дауыс беру» бөлігіне өту қажет. Сол жерден Қызылорда облысын көрсетіп, үміткер таңдалады. Үміткердің аты-жөнін басу арқылы бағдарламасымен танысуға болады. Үміткер үшін дауысты sms немесе электронды цифрлық қолтаңба арқылы беруге болады. SMS арқылы дауыс беру үшін ұйымның БСН, ЖСН нөмірлерін, дауыс берушінің телефон нөмірі көрсетіледі. Содан соң нөмірге келген sms кодты енгізу қажет. ЭЦҚ арқылы дауыс беру үшін ұйымның кілтін таңдау жеткілікті. Дауыс беру смартфон арқылы да қол жетімді. Дауыс беру процесі небәрі екі минуттай уақыт алады.
Осы орайда, аймақ кәсіпкерлерін белсенділікке шақырамыз.
Пірмұхаммед СЫЗДЫҚОВ,
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы
директорының орынбасары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<